Ақсулық тәртіп сақшылары қылмысты жасырғандары үшін сотталды
Олар көліктен ұялы телефон ұрлау фактісі бойынша іс тіркемеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық сот баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін қылмыстық құқық бұзушылықты жасыру фактісі бойыншы қылмыстық іс қаралды.
Сот талқылауы нәтижесінде олар лауазымды тұлғалар – жедел кезекші және аға тергеуші бола тұра, 2022 жылғы 15-16 қазан аралығында қызметтік міндеттерін атқару кезінде жәбірленушіге қатысты жасалған ауыр қылмысты қасақана жасырған.
Сотталушылардың жасаған қылмысы заң бойынша орташа ауырлықтағы қылмысқа жатады және жазаның баламалы түрлерін қарастырады.
Заң бойынша, жазаның неғұрлым қатаң түрі, егерде жазаның жеңіл түрі сотталушыны түзеуге және жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатын қамтамасыз ете алмаған жағдайларда ғана тағайындалады.
Кінә жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, іс бойынша жиналған және сот зерттеген басқа да дәлелдемелермен дәлелденді.
– Сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды – әрбір сотталушының үш жас баласы болуын, қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылуын, ал ауырлататын мән – жай қабылдаған антын бұзған тұлғаның қылмыс жасауын ескере отырып, оларға құқық қорғау органдарында 2 жыл мерзімге лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады, – дейді баспасөз қызметі.
Сотталғандар ішкі істер органдарының қызметкерлері полиция подполковнигі, полиция капитаны атағынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.