Бір мезгілде үш жол ережесін бұзған павлодарлық жазаланды
Оны әлеуметтік желілерге жүргізген мониторинг барысында анықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді күн сайын бақылау барысында жүргізушілер тарапынан жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтауда.
– Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында облыс орталығында Естай – Астана көшелерінің қиылысында Chevrolet Cobalt автокөлігінің жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, жол қауіпсіздігі талаптары мен заң нормаларын ашық түрде бұзғаны анықталды. Сол күні тәртіп сақшылары жүргізушінің жеке басын анықтады. Жол белгілері немесе жол таңбалары талаптарын сақтамағаны, тыйым салынған бағдаршам белгісіне өткені, сондай-ақ апаттық жағдай туғызғаны үшін азамат жауапкершілікке тартылды, – делінген хабарламада.
Полиция департаменті жол қозғалысы ережелерін елемеу қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екенін еске салады. Заңға бағынбағандар міндетті түрде жауапқа тартылады.