Павлодарда барлық үйлер жылынатын күн жарияланды
Пәтерлердегі ауа температурасы 20 градустан төмен түспеу керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш мәселе өңірлік коммуникациялар қызметінде сөз болды. Қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық инспекциясы бөлімі басшысының м.а. Бақытгүл Базылованың айтуынша, Павлодарда үйлердің барлығы дерлік жылуға қосылған. ПИК тарапынан жөнделіп жатқан 12 көпқабатты үй жылусыз қалуда. Жөндеу жұмыстарының аяқталуы 7 қазанға жоспарланған.
- Үш жылу электр станциясында негізгі жабдықтың 15 бірлігі жөнделіп жатыр. Бүгінде жөндеу жұмыстары 11 нысанда аяқталды. Магистралды және квартал ішілік желілерде гидравликалық сынақтар толық аяқталды. Сонымен қатар, «Квартал ішілік жылу желілерін жөндеу. 1 кезек» жобасы аяқталды. Бұзылған абаттандыру элементтері қалыпқа келтірілуде, - деді Бақытгүл Базылова.
Тақырыпты «Павлодар жылу желілері» ЖШС тұтынушылармен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы Галина Волкова одан әрі өрбітті. Ол қазіргі кезде жеткіліксіз деңгейде жылытылған үйлердің барлығын мойындады.
- Бұл үшін реттеу жұмыстары жүргізілуде, желілер режимін өңдеу өткізілуде, - деді Галина Волкова. – Желілер тозу деңгейі жоғары, қысым мен температураның артқаны құбырларға зор жүк түсіреді. Кешегі апат – соның дәлелі.
Оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлерден соң жеке меншік сектор, заңды тұлғалар мен өндірістік аймаққа жылу беріледі. Әрі қарай жылу режимін қайтадан қалыпқа келтіруге тура келеді. Алайда оның үйлердегі жылуға әсері минималды болады.
- Тұрғындардың көпшілігінде қазір үйлерде 20 градус бар. Далада қандай температура болса да, пәтерлерде 20 градус болуы шарт. Әрине, 20 градусты өзім де жеткілікті температура деп санамаймын. Алайда, заң солай, - дейді Галина Волкова.
Орталық жылу пунктерінен қатынайтын үйлерде жылу үшін төлем 4 қазаннан бастап алынады. Есептегіштері бар үйлерде көрсетілген сандар бойынша, ал қалған үйлерде төлем жылу берілген актілер қолға түскен сәттен бастап есептеледі.
Жылу маусымына қатысты барлық сауалдармен тұрғын үй инспекциясының 62-33-22 телефон нөміріне немесе «109 қызметіне» хабарласуағ болады. Сондай-ақ, өтініштер Instagram желісінде де қабылданады.
Фото: Константин Шелков