Баянауыл және Ақтоғай аудандарында мың шаршы метр болатын музыка мектебі салынады

Асайын Байханов жұмыс сапарымен Баянауыл ауданына барып, инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы бірқатар нысандарды аралады. Соның ішінде 1958 жылы салынған Майқайың кентіндегі балалар музыка мектебінің ғимараты бар. Қалқанша жақтауы бар екі қабатты ғимарат апатты деп танылған және қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейді. Осыған байланысты оны бұзу және жаңа, заманауи оқу кешенін жобалау туралы шешім қабылданды. Бұған дейін осы музыка мектебінде домбыра, фортепиано, вокал, поэзия, ағаш ою және бейнелеу өнері бойынша үйірмелер жұмыс істеген. Қазіргі уақытта 313 бала шығармашылықпен Майқайыңдағы «Кенші» мәдениет үйінің ғимаратында айналысуда.
Облыс әкімі бейінді басқармаларға Баянауыл ауданының Майқайың кентінде және Ақтоғай ауданының Ақтоғай ауылында ауданы 1000 шаршы метр болатын жаңа музыка мектептерін салу жобасын әзірлеуді тапсырды.
Одан кейін Асайын Байханов кенттің жылу, сумен жабдықтау және кәріз жүйелері объектілерінің жай-күйімен танысты. Кәріз желілерінің жалпы ұзындығы – 13 км, жылу желілері – 8,3 км құрайды. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша техникалық аудит жүргізіліп, нәтижесінде кәріз желілерінің 69 пайызға және жылу желілерінің 65 пайызға тозу деңгейі белгіленді. Осыған байланысты Асайын Байханов жұмыстарды кезең-кезеңімен орындай отырып, жылумен жабдықтау жүйесін реконструкциялауға жобалау-сметалық құжаттаманы, сондай-ақ, су бұру жүйесін санациялау әдісімен жөндеуге құжаттаманы әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, осы жобаларды іске асыру бойынша Жол картасын дайындау тапсырылды.
Өңір басшысының жұмыс сапары барысында 2014 жылы салынып, алайда жер асты суларының көтерілуіне байланысты соңғы бес жыл бойы жұмыс істемей тұрған Баянауыл ауылындағы балабақша ғимаратына ерекше назар аударылды. Жүргізілген сараптамаға сәйкес ғимарат апатты деп танылмаған. Балабақшаның жұмысын қалпына келтіру және аудан орталығында тұратын балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету үшін облыс әкімі жер асты суларын бұру жобасын әзірлеуді тапсырды, содан кейін ғимаратты қайта жаңарту мүмкін болады.
Сонымен қатар, өңір басшысы Баянауыл ауылында ауданы екі мың шаршы метрден асатын дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын тексерді