Баянауыл ұлттық паркіне апаратын жол пайдалануға берілді
Жол облысты Баянауыл курорттық аймағымен байланыстырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Қазавтожол» ҰК» АҚ Павлодар филиалының мәліметінше, Баянауыл ұлттық паркіне апаратын «Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ульяновск» (100-105 км) автожолы жөндеуден өтті. 15 маусымда аталған жол учаскесі пайдалануға берілді.
– Жол облысты Баянауыл курорттық аймағымен байланыстырады. Бұған дейін жолдың жағдайы қанағаттанарлықсыз еді. Қозғалыс қауіпсіздігі үшін ұзындығы 69,2 метр болатын темірбетонды үш аралықты көпір салынды. Көктемде еріген судың өтуіне шыдамай, ескілерінің орнына жаңа су өткізгіш құбырлар орнатылды. Мамандар салқын қайта өңдеу технологиясын қолдана отырып, бұл аумақтағы жол жамылғысын жаңартты, – деді «Қазавтожол» Павлодар филиалы директорының орынбасары Алексей Логвиненко.
Бүгінде «Қалқаман-Баянауыл-Үміткер-Ботақара» автожолының 100-105 шақырымында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, тросс кедергілер орнатылды, таңбалау жұмыстары жүргізіліп, тиісті белгілер қойылды.
Жобаны жүзеге асыру барысында жергілікті жол құрылыс материалдары пайдаланылды. Мердігер жұмысты «KazGerServis» ЖШС «Қаздоринновация» ғылыми-өндірістік компаниясы» ЖШС техникалық қадағалау қызметінің қатаң қолдауымен жүргізді.
Жолдын сапасын бақылауды Жол активтерінің сапасы ұлттық орталығы Павлодар филиалының мамандары жүргізді. 30 үлгі таңдалып, олардың сапа стандарттарына сәйкес келмейтіні анықталмады. Сондай-ақ күрделі жөндеу алаңында тегістік өлшемдері жүргізілді. Жол сапа мамандары тексеріс үстінде үш ақауды анықтады. Жергілікті жерлерде асфальтбетон жабынының бұзылуы орын алған. Мердігер компания қолма-қол ақауларды жөндеді.
Айта кетсек, биыл облыста 100 шақырымнан астам республикалық жол жөнделеді.