Баянауылдағы жаңа саябақ жобасына өзгеріс енгізіледі
Облыс әкімі болашақ демалыс аймағында автоматты суару жүйесін қарастыруды тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Баянауыл ауданына жұмыс сапары барысында аудан орталығына кіреберісте салу жоспарланған жаңа саябақтың жобасымен танысты.
Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаевтың айтуынша, демалыс аймағы Сәтбаев көшесінің бойында орналасады. Жобаның жалпы құны шамамен 2,3 миллиард теңгені құрайды. Құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткен. Жоба бойынша 4,8 гектар аумақта саябақ, фудкорт, автотұрақ, балалар ойын алаңы, хоккей корты, футбол және волейбол алаңдары мен амфитеатр салу көзделген. Сондай-ақ 500-ден астам ағаш отырғызу жоспарланып отыр.
Өңір басшысы ең алдымен аумаққа таудан ағатын суды бұру мәселесіне назар аударды. Аудан әкімінің айтуынша, жобалаушылар жер деңгейін көтеріп, топырақ төсеу арқылы судың өтуін реттеуді қарастырған. Асайын Байханов бұған дейін осы аумақта су басу мәселесі болғанын еске салып, қомақты қаражат жұмсалатын нысан тұрғындар тарапынан сұранысқа ие болуы керектігін атап өтті.
Жобаны талқылау кезінде көгалдандыру аумағына автоматты суару жүйесі қарастырылмағаны белгілі болды.
– Бұлай болмайды. Толық суару жүйесі қажет. Кем дегенде ағаш отырғызылатын аумақтардың барлығы қамтылуы тиіс. Адамға тапсырып қойғаннан гөрі, бұл жұмысты автоматты түрде атқаратын жүйе болуы керек, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі Павлодарда автоматты суару жүйесі орнатылған аумақтардың жаз бойы жасыл күйінде сақталатынын мысалға келтірді. Оның айтуынша, жаңа саябақтағы жасыл желекті күтіп ұстау мәселесі құрылыстың өзімен бірге шешілуі керек.
Өңір басшысы жобаны спецификациясымен бірге қосымша зерделеу үшін өзіне ұсынуды тапсырды. Қазір жоба сараптамадан өткенмен, облыс әкімінің ескертулерінен кейін автоматты суару және аумақтан суды бұру шешімдері қосымша пысықталмақ.