Баянауылда туристерді жыл бойы қабылдау жолдары қаралды
Ол үшін басқа да танымал орындарды қарастыру ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Атамекен» палатасы облыстық филиалының мәліметінше, кәсіпкерлер салалық туризм және қонақ үй бизнесі кеңесінің отырысында Баянауыл табиғи паркінде қысқы демалыс түрлерін дамытуды қолдау қажеттілігі мәселесін көтерді. Нәтижесінде туристерді жыл бойы қабылдау мүмкін болады.
– Көптеген елдердегі туристік сала экономиканы дамытудың нағыз драйверіне айналуда. Біздің өңірде де бизнес бастамаларын дұрыс қолдау үшін үлкен әлеует бар, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.
Кездесуге қатысушылар Баянауылда жыл бойы толыққанды демалу үшін күш-жігерді жұмылдыруды ұсынды. Ол үшін Жасыбайда ғана емес, қонақтар арасында танымал басқа да орындарды қарастыру ұсынылды. Мысалы, Сабындыкөл көлінде, демалыс үйлері бар жерлерде таулар мен төбелерден шаңғымен сырғанау үшін аспалы жолдарды жабдықтау ұсынылады.
Туристік фирмалардың өкілдері аспалы жолдардан басқа шаңғы базасының жұмысын ұйымдастыруды ұсынды.
Павлодар облысында туризмді дамытудың шеберлік жоспарын уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірлеу жөнінде айтылды. Мұндай құжат бұған дейін бекітілген. Сондай-ақ туризм саласы үнемі бір облыстық ведомстводан екіншісіне берілетіні туралы мәселе де көтерілді. Мәселен, өткен жылы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасынан дене шынықтыру және спорт басқармасына қайта біріктірілген.
Кәсіпкерлердің пікірінше, тұрақты куратордың болмауы туризмнің бизнес ретінде дамуына кері әсерін тигізеді.
Отырыста «Атамекен» ӨКП туризм және қонақ үй бизнесі салалық кеңесінің жаңа төрағасы болып «Mix-Тур» ЖК басшысы Мирас Ахметқалиев сайланды. Кеңестің бұрынғы басшысы Серік Чайкин салалық кеңестердің жұмысы туралы ережеге сәйкес өз өкілеттігін тоқтатты, оған сәйкес салалық кеңес мүшелері басшыны бір жылға ғана таңдайды.