Баянауылда жасөспірімнің тәртіп бұзғаны үшін 200 мың теңге айыппұл салынды
Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 наурызда түнгі сағат 23.50 шамасында тәртіп сақшылары Баянауыл ауылында полиция «Дайон» маркалы мотоциклін басқарған 2009 жылы туған кәмелетке толмаған баланы тоқтатқан. Әрі қарай тексеру үшін жасөспірім полиция бөліміне жеткізіліп, заңды өкілі шақырылған.
– Полицияда кәмелетке толмаған бала өзін агрессивті ұстап, балағат сөздер айтты. Заңды өкіліне қатысты келесідей бұзушылықтар үшін әкімшілік материалдар толтырылды: ҚР ӘҚБтК-нің 442 бабы 2-бөлігі –кәмелетке толмағанның заңды өкілдерінің ілесіп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болу; 441-бабы, 1-бөлігі – темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзу; 5-бөлігі, 612-бабы – көлік құралын жүргізуге құқығы жоқ адамға жүргізуге беру; 435-бабы – он алты жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар жасаған ұсақ бұзақылық, – деді Баянауыл аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы Дәметкен Әбікеева.
Сот шешімімен кәмелетке толмағанның заңды өкіліне 60 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды.
Сонымен қатар, полиция оқу орнына және кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жасөспірімнің тәртібін қарау үшін ұсыныс жолдады.