Металға жан бітірген павлодарлық маман өндіріс саласын қалай таңдады?

Металға жан бітірген павлодарлық маман өндіріс саласын қалай таңдады?
Фото: Есенжол Исабек

Ол үшін әр деталь – жаңа тапсырма, ал әр нәтиже – істің тиянақтылығының көрінісі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Өндіріс цехына аяқ басқан сәтте темірдің сыңғыры мен станоктардың тоқтаусыз гуілі бірден сезіледі. Сол қарбалас дүниенің дәл ортасында әр бөлшектің пішінін айқындап, темірге жаңа өмір сыйлайтын жан – Арман Жағыпаров. Ол – металл кесудің қыр-сырын жетік меңгерген, 15 жылдық тәжірибесі бар білікті маман.

Арман Дүйсенбекұлы бала кезінен темірге де, техникаға да айрықша қызығушылық танытқан. Әр механизмнің қозғалысын, құрылысы мен мүмкіндігін зерттеуге талпынған ол өсе келе осы салада жұмыс істеу өзіне  жақын жол екенін ерте сезінген.

– Бала кезден темірге, техникаға ерекше қызығушылық танытып өстім. Әр механизмнің қалай жұмыс істейтінін білгім келетін. Сөйтіп жүріп, болашақта осы саланың маманы боламын деген мақсат ерте қалыптасты, – дейді ол. 

Арман Дүйсенбекұлының еңбек жолы Кенжекөл ауылында басталған. 1994 жылы білім ошағының табалдырығын аттап, 1998 жылы диплом алған жас маман көп ұзамай өндіріс саласын өзіне жақын екенін түсінеді. 2010 жылы металл өңдеу әлеміне қадам басқан ол бұл саланы тек мамандық емес, өз болмысына айналған өмірлік жол деп санайды. Бүгінде Павлодар қаласындағы «ERG  Service»-тің машина жасау зауытында еңбек етіп келеді. 

– Мен бұл салаға кездейсоқ келген жоқпын. Машина жасау зауытының қарқыны, ондағы техниканың қозғалысы маған әрқашан қызық еді. Сол орта мені өзіне тартып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты, – дейді ол.

Бүгінде Арман Дүйсенбекұлы – металл кесудің барлық түрін меңгерген әмбебап маман. Әр бөлшекті кесу – оның қолында жаңа сипатқа енетін материалдың дәлдікпен, есеппен және шеберлікпен өзгеру процесі.

Ол өз жұмысын ауыр деп санамайды. Қайта, күнделікті еңбектің тәртібі мен өндіріс ырғағы оған қуат беріп, шабыттандыратынын жасырмайды. 

– Мен үшін металл кесу – жай ғана орындап жүрген міндет емес, шынайы қызығушылықпен, жауапкершілікпен атқаратын жұмыс. Әр бөлшекті кесу барысында оның болашақтағы орны мен маңызын ойлайсың. Дәлдікпен жасалған әрбір қимыл дайын өнімнің сапасына әсер етеді. Сол себепті, өзімнің жұмысымды қадірлеймін әрі күн сайын жаңа бір тәжірибе жинап келемін, – дейді ол.

Өндірістегі қауіпсіздік талаптары – оның басты қағидасы. Арнайы жұмыс киімі, қорғаныш көзілдірігі мен каска – күнделікті еңбектің ажырамас бөлігі. Себебі, металмен жұмыс істеген адам дәлдікпен қатар сақтықтың да маңызын жақсы түсінеді.

Ол өзінің кәсіби жолында кездескен алғашқы қиындықтар туралы да ашық айтып өтті. Жаңадан келген кезде металдарды кесу жұмысын істеу оңай болмаған. Дегенмен, қызығушылық пен үйренуге деген ұмтылыс бәрін жеңіп шыққан. Оның айтуынша, бұл салада бастысы, техникаға бейім болу, тәртіп пен талапқа бағына білу, ал тәжірибе өздігінен бірге келеді.

– Жаңадан келген маманға басты кеңесім – жедел үйренуге тырысу. Егер бұл салаға қызығушылығыңыз болса, онда бұл мамандықты меңгеріп кету қиын емес. Бастысы, қауіпсіздік ережесін сақтау мен жауапкершілік сезімі болуы керек, – дейді ол.

Серіктестік материал