Баянауылдық дәстүрлі әнші: домбырамен ән салу – өмірінің өзегіне айналған

Самал Жақыпова ұлттық аспапты серік еткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Домбыраның құлағында ойнайтын әнші 2001 жылы Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер колледжін бітіргеннен кейін халық арасында үлкен танымалдылыққа ие дәстүрлі халық әндерін кеңінен насихаттауды қолға алған. 2003 жылы Баянауыл аудандық мәдениет үйінде еңбек жолын бастаған. Бүгінгі күні С.Торайғыров атындағы мәдени-сауық орталығының дәстүрлі әншісі әрі жастармен жұмыс жөніндегі әдіскер ретінде жемісті қызмет етіп келеді. Сонымен қатар, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы ретінде де қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысады.
– 5-сыныпта оқып жүргенде анам ыңылдап ән айтып отыратын. Мен де сол әндерді домбыраға салып, қосылып айтатынмын. Отбасымызда 12 бала өстік. Мен кенжесі болдым. Аға-әпкелерім де домбыра тартып, ән салатын. Шеберлігінің шыңдалуыма Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мейірхан Адамбеков зор ықпал етті, – дейді өнер иесі.
Әнші түрлі облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы. Оның қоржынында «Майра, қызыл тілім сайра», «Ауылым – әнім», «Ертіс әуендері», «Абай салған дара жол» сынды көптеген байқаулардың жүлделері бар. 2021 жылы «Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы» медалін иеленген.
— Қара домбыраммен сахнада ән салып, халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүргенім – мен үшін үлкен бақыт. Ұстазым Мейірхан Адамбековтан үйренген әндерді енді өзім шәкірттерге үйретіп жүрмін, — дейді ол.
Халықтың рухани әлеміне нәр берген ән өнері Самал Жақыпованың жүрегімен үндесіп, өмірінің өзегіне айналған. Ол бүгінде тек өнер иесі ғана емес, ізінен ерген жас буынға жол сілтеп жүрген ұстаз. Егіндібұлақтан арнайы келіп, аптасына екі мәрте дәстүрлі ән үйреніп жүрген жасөспірім Бекарыс – соның бір дәлелі.
Әмина Жеңіс