Баянауылдық халық ансамблі Алматыда бас жүлде алды

Баянауылдық халық ансамблі Алматыда бас жүлде алды

С. Торайғыров атындағы мәдени-сауық орталығының «Беу, жігіттер» халық ансамблі биылғы жылдың алғашқы жеңісін қоржынға салды, деп хабарлайды@Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Самғау» республикалық өнер байқауында жерлестеріміз «Дәстүрлі ән» номинациясы бойынша жүлдеге ие болды.

–   Байқауда Сәкен Сейфулиннің «Тау ішінде» әнін орындап, бас жүлдені жеңіп алдық, – деп қуанышымен бөлісті ансамбльдің аккомпаниаторы Болат Мадияр.

Өнерпаздар бұған дейін де облыстық, республикалық байқаулардан жүлде алып келген. Ансамбль 1986 жылы Жүрсінбай Мұқаевтың бастамасымен құрылған. Сол сәттен бастап, қазақтың ұлттық ән өнерін Өзбекстан, Ресей елдерінде кеңінен насихаттаған. Бүгінде үшінші құрамдағы жас буын өкілдері көптеген облыстық, республикалық байқауларда топ жарып жүр.

Мерейтойға орай ұйымдастырылған шығармашылық кеште ең үздік әндерін орындап, халықтың ыстық ықыласына бөленді.

Айта кетейік, ансамбль авторлық әндер жаздырып, осы жылдың соңғы айында қырық жылдық мерейтойын тойлауды жоспарлап отыр.