Баянауылдың қыран баптаған ұлы өңір тарихында қандай із қалдырып үлгерді?
Бүгінде Мәуия Әбікеев мұрасы екі музей қорында сақтаулы тұр. Биыл құсбегінің туғанына 125 жыл толып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мәуия Әбікеев 1900 жылы Баянауыл ауданының Жарылғап ауылында дүниеге келген. Оның әкесі мен аталары да аңшылық кәсіппен айналысқан нағыз дала саңлақтары болған.
Бүгінде оның өмір жолы мен мұрасы музей қорларында сақталған. Атап айтқанда, Г. Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде құсбегінің бүркітінің томағасы, аңшы мылтығы, ал Майра Шамсутдинова атындағы музейде оның домбырасы экспозицияға қойылған.
– Бұл жәдігерлерді Мәуия ата 1961 жылы өзі музей қорына тапсырған. Мәуия атаның аңшылық тәжірибесінің тағы бір ерекшелігі – тазы иттер мен қасқыр күшіктерін будандастыру арқылы ерекше тұқымды ит шығаруында. Ол далада ұсталған қасқырды күшік кезінен бастап қолға үйретіп, кейін оны аңшы иттермен шағыстырған. Нәтижесінде қасқырдың айласы мен тазының жылдамдығын біріктірген төзімді қасқыр алатын иттер дүниеге келген. Мұндай тәжірибе қазақ аңшылары арасында сирек кездесетін жаңалық болып саналған, – деді Г. Потанин атындағы жалпы тарих және этнографияның ғылыми-зерттеу қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Бибігүл Құдабаева.
Мұндай тәжірибе қазақ аңшылары арасында сирек кездесетін жаңалық болып саналған.
– Атам өте мейірімді, елге қамқор жан болған. Аштық жылдары талай ауылдарды өз еңбегімен, аңшылық кәсібімен аман алып қалған. Әкемнің айтуынша, бір жолы ашаршылық кезінде ата бір үйге кіріп, киік не арқардың етін тастап кетіпті. Сол отбасының баласы аман қалып, кейін есейіп, атамды екінші әке ретінде санапты, – деп өз естелігімен бөлісті немересі Дәметкен Әбікеева.
Қазір Баянауыл ауылының кіреберіс жолында әйгілі құсбегінің құрметіне қоладан құйылған ескерткіш бар.
Мәуия Әбікеевтің мүсінінің жанында иті отыр, ал қолында бүркітін ұстап тұр. Бұл ескерткішті мүсінші Бота Машрапов жасаған. Ол атаға ерекше құрметпен қарап, ескерткішті тұрғызған екен.
– Менің мақсатым – осы ескерткішке атамның аты жазылған тақтайша орнату. Себебі Баянауыл – әсем өңір, туристер көп келеді және әр адам сол ескерткіш кімге арналғанын білгенін қалаймын, – деп ойымен бөлісті Дәметкен Әбікеева.
Немересінің сөзінше, атасы – елінің абыройы мен дәстүрін сақтаған, адамгершілігі мен еңбегі ел есінде қалған жан. Ол тек құсбегілік өнерін сақтап қана қоймай, оны ұрпаққа аманат етті.
Бүгінде оның есімі Баянауылдың символына айналып, қазақтың аңшылық дәстүрінің мәңгілік рухын бейнелеп тұр.