Баянауылдық балалар кітап оқудан жарысты

Олар шығармашылық қабілеттерін паш етіп, үзіндіні қызықты етіп мазмұндап беруге тырысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Зейтін Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебінде облыстық BOOK SLAM «Өзіміз үшін оқиық» жобасының аудандық кезеңі өтті.
– Оның мақсаты – кітапхана қоғамдастығының оң имиджін қалыптастыру, оқуды және заманауи кітапхананы дамыту. Жобаға 17 білім беру ұйымы қатысты. Әр команда өз бетінше кітап таңдап, оның мазмұнын баяндады, – деді Баянауыл ауданының әдіскері Мәншүк Шумақова.
Кезеңдер үш тапсырмадан тұрды. Бірінші кезең «Сіздің жарнамаңызға арналған орын» өз таңдауы бойынша командалар презентация, бейнеролик, өлең, би, шағын-қойылым, рэп немесе «кітап жарнамасының» басқа шығармашылық түрін ұсыну қажет болды. Ал «Мәтін» кезеңінде командалар кітаптан таңдаған үзіндіні барынша көркемдеп және мәнерлеп жатқа айтып шығуы қажет еді. Тек мәтіннің сапасы ғана емес, оқу мәнері де бағаланды. Музыкалық сүйемелдеуді, декорацияны және костюмдерді қолдану рұқсат етілді. «Шығарма бойынша сұрақ» кезеңінде командаларға«жарнамаланатын»кітап бойынша әділ-қазылар сұрақтар қойды. Жауап беруге ойлануға екі минут уақыт берілді.
Жобаның қорытындысы бойынша жүлделі 3-орын иегерлері Мұхтар Әуезов атындағы жалпы орта білім беру мектебі мен Шадыра жалпы орта білім беру мектебі атанса, екінші орынға Ақши жалпы негізгі білім беру мектебі мен Зейтін Ақышев атындағы жалпы орта білім беру мектебі ие болды. Сайыстың жеңімпазы Дүйсенбай Рахметов атындағы жалпы орта білім беру мектебі атанды.
Сайыстың қорытындысы арқылы Баянауыл ауданы атынан «Өзіміз үшін оқиық» жобасының облыстық кезеңіне қатыстыру үшін команда анықталды.