Баянауылдық әйел үй жағдайында нан өндірісін қолға алды
Бұл әйелдің көптен бері ойында жүрген мақсаттарының бірі ғана, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Елімізде өз кәсібін бастап, өзіне еңбек етуді мақсат еткен әр адамға мемлекеттен берілетін мүмкіндіктер аз емес. Соның бірі – «Бастау бизнес» жобасы. Бүгінгі күнге дейін талай адамның арманын іске асырған жоба Баянауыл ауданы, Ақсаң ауылының тұрғыны Қарлығаш Шалабаеваның да бір арманын орындады.
Қарлығаш 2025 жылдың тамыз айында «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша арнайы оқудан өтіп, өз бизнес-идеясын дамыту мақсатында мемлекеттен қайтарымсыз грантқа өтінім берген. Комиссия алдында жобасын сәтті қорғаған ол грант иегері атанады.
- Алған грант қаражатына нан пісіруге арналған қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Қазіргі таңда үйден шықпай-ақ бауырсақ, нан, тәтті бәліштер мен тоқаштарды пісіріп сатудамын. Бұл – біз сияқты аналар үшін үлкен қолдау, - дейді кәсіпкер.
Қарлығаш Шалабаева осылайша, өз кәсібін үй жағдайында бастап, ауыл тұрғындарын жаңа піскен, дәмді нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Бұл бастама ауылдағы шағын кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып, өз ісін адал еңбекпен жүргізудің жақсы үлгісін көрсетеді.
Айта кетелік, егер сіз де жеке кәсіп ашып, өз бизнесіңізді бастауды жоспарласаңыз, Баянауыл ауданының «Мансап» орталығына келіп, толық ақпарат пен кеңес ала аласыз.