Бектенов жаңа қоқыс полигондарын салу жұмысын жеделдетуді тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысын өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жиында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру барысы қаралды.
– Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында қоршаған ортаны қорғау, табиғи байлыққа ұқыпты қарау әр азаматтың басты міндеттерінің бірі ретінде бекітілген. Жоғары экологиялық мәдениетті қалыптастыру – ел қызметінің негізгі қағидаты. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы Конституцияда белгіленген негізгі қағидат ретінде бірізділікпен жүзеге асырылуда. Біздің осы қағидатты ұстануымыздың жарқын мысалы ретінде экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуге қоғамның барлық өкілін, еріктілер мен бизнесті тарту бойынша ауқымды жұмыс болды. Біз табиғатқа ұқыпты қарау және тазалықты сақтау Қазақстанның әрбір азаматы үшін ішкі қажеттілік пен күнделікті өмір нормасына айналғанын қалаймыз, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша, жыл басынан бері «Таза Қазақстан» аясында елімізде 1 миллионнан астам ағаш отырғызылып, 4 миллионнан астам адамның, оның ішінде 510 мың еріктінің қатысуымен 200-ден астам экологиялық іс-шара өткізілді. Республика бойынша 76 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 413 мың тонна қалдық жиналды және шығарылды. Сондай-ақ115,7 мың тонна қалдық қайта өңдеуге жіберілді.
Жалпы, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы бастау алған үш жыл ішінде елді мекендерде 5,6 млн-нан астам ағаш отырғызылып, мемлекеттік орман қоры аумағында 1 млрд-тан астам көшет пен жас шыбық егілді.
Премьер-министр «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы бір реттік экологиялық акциялар форматынан экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың қоршаған ортаның жай-күйіне деген жауапкершілігін арттыру және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған дәйекті мемлекеттік саясатқа айналғанын атап өтті.
– Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасын жүзеге асырудың тиімділігі өткізілген іс-шаралар санымен емес, елді мекендердің жағдайының, халықтың экологиялық мәдениеті деңгейінің нақты өзгерістерімен және қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығымен бағаланады. Бұған қол жеткізу үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар елді мекендерді абаттандыру, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу, тиісті инфрақұрылымды, оның ішінде қалдықтарды қайта өңдеу объектілерін дамытумен байланысты жүйелі жұмыс істеуі қажет, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр барлық мемлекеттік органдарға тұжырымдамада көзделген барлық іс-шараның сапалы әрі уақтылы жүзеге асырылуын, сондай-ақ белгіленген нысаналы көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді, «Таза Қазақстан» бастамасы аясындағы іс-шараларға жастар, волонтерлік ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер мен бизнестің қатысуын кеңейту арқылы бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды.
«Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысында ағымдағы жағдай және қалдықтарды басқару бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Олардың ішінде қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, энергетикалық тұрғыда кәдеге жарату, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын жаңғырту, сондай-ақ энергия үнемдеу және экономиканың энергия тиімділігін арттыру салалары бар.
Отырысқа қатысушылардың назары әлемдік тәжірибеге аударылды. Мәселен, Германия мен Жапонияда металлургиялық және химиялық зауыттардан артық жылу атмосфераға шығарылмастан жылу сорғыларымен алынып, жақын маңдағы тұрғын аудандарды жылытуға жіберіледі. Еуропаның көптеген елдерінде жаңа ғимараттарды салу кезінде аса герметикалық жылу оқшаулау, энергияны үнемдейтін терезелер және ауаны қалпына келтіру жүйелері қолданылады.
— Мемлекет басшысы Үкімет алдына 2029 жылға қарай экономиканың энергия тұтынуы мен энергия сыйымдылығын 15 %-ға төмендету міндетін қойды. Өнеркәсіптің барлық субъектілері энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі өздерінің іс-шаралар жоспарларын бекітуге тиіс. Бір апта мерзімде Ақмола, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының, Астана қаласының әкімдіктері тиісті Жол карталарын бекітуі қажет. Өнеркәсіп министрлігі бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы қажет, — деді Премьер-министр
Өнеркәсіп министрлігі жауапты органдармен және әкімдіктермен бірлесіп жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу жөнінде тиісті шаралар қабылдауы қажет.