Павлодарда жеті жасар қыздың өліміне қатысты іс сотта қарала бастады
Сот отырысында анасы мен оның сыбайласы жасаған қылмыстың жантүршігерлік деректері ашылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Милана Давыдованың өліміне қатысты алдын ала сот отырысында егжей-тегжейлі жайттар белгілі болды. 2023 жылдың 17 қарашасында сағат 12:30-да көршілес тұрған ер адам үйде ешкім болмағанын пайдаланып, Давыдовтар отбасына барған. Қыздың анасы қонаққа келген көршімен бірге үйдің дәлізінде ішімдік ішіп, жыныстық қарым-қатынасқа түскен. Дәл осы уақытта мектептен оралған Милана Давыдова анасын көңілдесімен бірге көріп қойған.
– Реніш пен ашуға булыққан қыз бала көргендері туралы әкесіне айтып беретінін айқалап, үйге кірген. Д. қызын қуып жетіп, бетінен жұдырықтап ұрды. Қыз соққыдан құлаған бетте, анасы белдікпен оның денесінен ұрған. Алған жарақаттан қыз есінен танып қалған. Барлық ұрып-соғуды үйге мектептен оралған інісі көрген,– деді прокурор.
Милана ес-түссіз жатқан кезде анасы көрші-танысын шақырып, оған белдікті беріп жіберген. Ер адам белдікпен баланы тұншықтырып, өлтірген. Оқушының денесін үйдің жанында болған металл цистернаның астына жасырған.
Анасы мен көршісіне қатысты ҚР ҚК-нің 99-баптың үшінші бөлігі бойынша «адам өлтіру» деген айып тағылуда.
Еске сала кетейік, былтыр Екібастұз қаласының Қоянды ауылдық округі Бесқауға ауылында жоғалған жеті жасар қыз бала үш күн бойы іздестірілді. Жалпы іздестіру жұмыстарына 500-ден астам адам және 100 техника мен ұшақ жұмылдырылған болатын. Кейіннен баланың денесін полицейлер тапты. Милана Давыдованы өлтірді деген күдікпен анасы мен оның танысы ұсталды. Күдіктілер өз кінәсін мойындаған болатын.