Биыл Ақтоғай ауданында шыбын-шіркеймен күрес күшейтіледі
Ақтоғайда облыс әкімі Асайын Байхановтың аудан халқымен кездесу өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Есептік кездесу басында өңір басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына баға беріп, аудан әкімі Қаршыға Арынов пен ауданға қарасты ауылдар әкімдеріне бірқатар міндеттер қойды.
Асайын Байханов «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша соңғы үш жылда бірқатар ауылдардың қайта жаңғырғанын атап өтті. Оның ішінде Ақтоғай, Приреченск, Ақжол, Қожамжар, Әбжан ауылдарының инфрақұрылымы жаңартылды. Биыл Қараоба және Әуелбек ауылдарында жұмыс атқарылады. 2024 жылғы кезекте Жолболды ауылы тұр.
Сонымен бірге, өңір басшысы жол мәселесіне де ерекше мән берілетінін айтты.
- Разумовка – Басқамыс жолының жөндеуі биыл аяқталады. Оған қаражат бөлінген. Биыл Ақтоғай – Шолақсор жолының 11 шақырымы реттеліп, қалған 38 шақырымына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Оны екі жылда аяқтаймыз, - деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі биылғы шыбын-шіркеймен күрес мәселесіне де тоқталды. Оның айтуынша, биыл Ертіс жайылмасының ауқымы кең Ақтоғай, Тереңкөл аудандарында авиация күші жұмылдырылады.
Қазіргі кезде облыс деңгейінде жұмыс істейтін мердігер ұйым анықталды, жақында келісім-шартқа қол қойылмақ. Ол аталмыш аудандарға да қол ұшын беретін болады.
Фото: Константин Шелков