Биыл Ақтоғайда қандай мектептер жөнделеді
Ауданда оқушыларды мектепке дейін апаратын автобустарды жаңарту жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақтоғайда соңғы үш жылдың ішінде 5 аудандық мектеп жаңғыртудан өткен болатын. Тағы төрт білім беру мекемелерінде құжаттаманы дайындауға қаражат бөлінген.
Облыс әкімінің халықпен кездесуінде Ақтоғай тұрғыны Қайрат Рамазанов Барлыбай мен Басқамыс ауылдарының мектептерінде жоспарланған жөндеу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын сұрады. Ауыл тұрғыны аталған екі мектепке қаражат бөлінгенмен өзгерістер байқалмайтынын айтты.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаның айтуынша, Барлыбай ауылындағы Еңбекші орта мектебіндегі маңызды мәселенің бірі жылыту жүйесі болып табылады.
Аталған ауылдың мектеп ғимаратында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Ал, Басқамыс ауылындағы Шідерті мектебіндегі жөндеу жұмыстары келесі жылға дейін қалдырылды. Самал Айтқазинаның сөзінше, бұл мектепте бірден күрделі жөндеу жасалмай отыр. Себебі, алдымен жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау қажет.
– Басқамыс ауылында тағы бір мәселе туындап отыр. 320 орындық мектеп бар, бірақ бүгінгі күні онда 28 бала ғана оқиды, – дейді Самал Айтқазина.
Оның айтуынша, бұл мектеп 2024 жылдың жоспарына енгізілетін болады. Балалардың контингентін ұлғайту керектігін де атап өтті.
Айта кетейік, Шолақсор, Харьков, Жолболды ауылдарының мектеп ғимараттарында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілу жоспарланған. Ал, Қайырбаев атындағы мектепте спорт зал салынады. Бұдан басқа, білім басқармасы мектеп автобустарын ауыстыру мәселесін қарастырып, Басқамыс, Барлыбай, Ақжол мектептерін жөндеуге жобалық-сметалық құжаттаманы дайындайтын болады.
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті.