Биыл шарбақтылықтардың бірқатар арманы орындалады

Мәдениет, инфрақұрылым және білім саласындағы сегіз жобаның іске асуы күтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Асайын Байханов Шарбақты ауданына барған іссапары барысында биыл жүзеге асып жатқан ауқымды бастамалармен танысты. 2025 жылы Шарбақты ауылында екі балабақшаның ғимараты күрделі жөндеуден өтеді. Победа көшесінде тұрған балабақшада жұмыстар басталды, олар аяқталғаннан кейін мердігер Чкалов көшесіндегі балабақшаға көшеді. Алғашқысында жұмыстар 30 пайызға аяқталды. Ал, 200 миллион теңгеден астам қаражатқа «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша Алексеевкада шағын орталықтың жөнделуі 99 пайызға тәмамдалды. Аудан әкімі Сержан Иманқұловтың айтуынша, мердігер ескертулерді түзеп, 1 маусымға дейін пайдалануға береді.
– Красиловка ауылының орта мектебіндегі күрделі жөндеу жұмыстары да жүргізілуде. Олар оқу жылдың басына дейін толығымен аяқталады, – деп сендірді аудан әкімі.
Бұдан бөлек бонустық трансферт есебінен Шарбақты мен Шалдай ауылдарында ауылішілік жолдар жөнделуде. Әлімбаев көшесінде ұзындығы 2,4 шақырым жерде орта жөндеу жұмыстары 100 пайыз аяқталған. Әр нысанның алдында автотұрақ үшін орын қарастырылды. Сондай-ақ, 1,4 километр үш жолдың күрделі жөндеуі де аяқталды. Шалдай ауылында 1,12 километрді құрайтын Грибанова және Заводская, 1 мамыр көшелерінің жөндеу жұмыстары толығымен тәмамдалды. Бүгінгі күні жол белгілері орнатылуда.
– Тағы да бес ауылда бір-бір көшеге қаражат бөлінді. Оның конкурстық рәсімдерін өткізудеміз. Мердігер анықталғаннан кейін бұл жұмыстарды аяқтайтын боламыз. Бес елді мекеннің көшелерінде жол салатын болады, – деді Сержан Иманқұлов. – Сондай-ақ, Шарбақты ауылындағы халық шығармашылығы орталығының күрделі жөндеу жұмыстары 30 пайызға жүргізілді.
Асайын Байханов Шарбақты ауданында ауқымды жобалар рет-ретімен іске асып жатқанын атап өтті.
– Сіздің міндетіңіз – жобаларды өз мәресіне жеткізіп, ертең халықтың қолдануына сапалы түрде тапсыратындай жағдай жасау. Сондықтан бәрін бақылаңыздар. Екі балабақшаның жөндеуі, шығармашылық орталық, яғни аудандық мәдениет үйі халықтың сұранысында болды. Өзім Шарбақты ауданына келіп, халықпен кездескенде олар осы сұрақтарды көтерген еді. Сұраныс болып, кәдімгі сауал түсіп, бәрін біз өзіміздің жұмысымызға алдық. Биылғы оларды іске асырып жатырмыз. Игі істердің әрі қарай жалғасын табады, бірақ бүкіл жоспардың бәрін сапалы түрде орындау керек, – деді облыс әкімі.
Еске сала кетейік, Асайын Байханов Шарбақты ауданына барған жұмыс сапары барысында көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты.