Бизнесті дамыту: Павлодарлық күдікті Ресейден экстрадицияланды
Ол 200 миллион теңгеден астам қаражатқа адамдарды алдап кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Бас прокуратурасының мәліметінше, күдікті Павлодарда 2019-2023 жылдар аралығында таныстарынан бизнесті дамыту үшін ақша алып, кепілдік ретінде өзіне тиесілі емес пәтерді ұсынған.
Оның қылмыстық әрекеттері салдарынан Павлодар қаласының 66 тұрғынына жалпы сомасы 223 миллион теңгеден аса шығын келтірілді.
Қылмыс жасағаннан кейін жасырынған күдіктіге халықаралық іздеуге жарияланған.
– Ол өткен жылдың желтоқсан айында Ресей Федерациясы Адыгея Республикасының аумағында ұсталды, содан кейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өтініші бойынша Қазақстанға экстрадицияланды, – деп жазылған хабарламада.
Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.