Білім беру гранттарына жүз мыңнан астам өтінім келіп түсті

Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз орталығының мәліметінше, бүгін Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссия өз жұмысын бастады.
Комиссия құрамына ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдар, білім саласы кәсіподақтарының, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, жоғары оқу орындары қауымдастығының және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Олар үміткерлердің өтініштерін қарап, талапкерлердің ҰБТ нәтижелері мен бекітілген ережелер негізінде конкурстық жолмен гранттарды тағайындайды.
– Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға 113 мыңға жуық өтінім берілді. Талапкерлердің басым бөлігінің таңдауы «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» бағыттарындағы мамандықтарға түсті. Қабылдау науқанының нәтижесіне сәйкес болашақ аудармашылар, мұғалімдер, психологтар, дизайнерлер және заңгерлер арасында бір гранттық орынға ең үлкен конкурс күтіледі, – делінген хабарламада.
Конкурстық іріктеудің қорытындылары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің, сондай-ақ Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында және әлеуметтік желілерде 10 тамызға дейін жарияланады. Жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 25 тамызда аяқталады.