Бірге тұрған ер адамды өлтірген ақсулық зейнеткер сотталды
Ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, әйел жазасын орташа қауіпсіздігі бар қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейді.
- Өткен жылдың ақпан айында мен Ақсу ауылдық аймағының Сарышығанақ ауылында орын алған адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергедім. Шақыртуды тергеу жедел тобы орындады. Тергеу барысында сол күні ер мен әйел арасында тұрмыстық себептен жанжал туындағаны анықталды. Ер адам мас күйде болған. Зейнеткер әйелдің ескертуіне мән бермей, ар-намысқа тиетін сөздер айтқан. Жанжал барысында әйел адам ас үй пышағын алып, кеуде қуысына бір рет сұққан. Ер адам алған жарақаттарының ауырлығынан оқиға орнында қайтыс болды, – дейді Ақсу қаласы полиция анықтау бөлімінің бастығы Дәулет Мусинов.
Оқиға орнын тексеру барысында зардап шеккен адамға өмірге қауіпті жарақат келтірілгені анықталды. Әрі бұл жарақат мамандар тарапынан ауыр дене зақымын келтіру деп бағаланды.
- Оқиға орнынан барлық заттай айғақтар алынды. Тергеушілер күдіктінің әрекетін ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі – адам өлтіру, яғни басқа адамға қасақана өлім келтіру деп бағаланды. Объективті тергеу жүргізіліп, қылмыстық іс 41 сағат ішінде сотқа жіберілді, – деді Дәулет Мусинов.
Сот қылмыстың сипаты мен әлеуметтік қауіптілігін, сотталушының жеке деректерін, тұрғылықты жері бойынша жақсы сипаттамасын, сотталмағанын, зейнеткерлік жасын, денсаулық жағдайын, сондай-ақ қылмысқа дейінгі және кейінгі әрекеттерін ескерді. Қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.
Барлық жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, әрі алқалар шешіміне сүйене отырып, сот ерекше мән-жайлардың бар екеніне тоқталып, баптағы ең төменгі жазадан аз жазаны тағайындады.