Бұғылар мен бүркіттер: Павлодар Жаңа жылға орай қалай безендіріледі?

Бұғылар мен бүркіттер: Павлодар Жаңа жылға орай қалай безендіріледі?
Фото: Ольга Бугаева

Мерекенің басты символы қалалық жеті саябақта және төрт шағын ауданда орнатылады, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz.

Жаңа жылға орай облыс орталығы 1426 элементпен безендіріледі. Бұл көшелердегі жарықдиодты композициялар, субұрқақтар, скверлер,  саябақтар мен жағалаулардағы әсем элементтер. Оның 811-і – жаңа.

– Жағалаудағы аллея «Бүркіт», «Шаңырақ», этностильдегі өрнектер, қолшатырлар, ноталар, 790 шар тәрізді жаңа құрылымдармен және элементтермен толықтырылады. Астана көшесінің бойында жағалау ауданында ағаштарға құстар, жұлдыздар, қар ұшқындары түріндегі фигуралар орналастырылады, – деді әкімдікте. – Сонымен қатар, негізгі көшелер жарықдиодты фигуралармен безендіріледі. Вокзал аймағындағы трамвай жолдарын бөліп тұратын қоршаулар жаңа жылдық иллюминациялармен жарықтандырылады. 

Қаланың жеті саябағы мен гүлзарларда, Усолка шағын ауданында, Химқалашықта, Екінші Павлодарда және Горторг аумағында шағын сәулет нысандары қойылады. Негізгі шырша орталық алаңға орнатылады.

Биыл Павлодарда Естай жағасына қарай мұз қалашығы қайта іске қосылады. Онда арбаларға жегілген бұғылардың фигуралары, шыршалар, сыйлықтар, жұлдыздар, шарлар және қояндар, пингвин жануарлары орналастырылады. Барлығы – жарықтандырылған 15 металл элемент. Сонда-ақ, мұздан лабиринт пен жеті метрлік сырғанақ кесіледі, балаларға арналған сырғанақтың биіктігі – 4,5 метр. Олардың бірі кеме түрінде болады.