Павлодар облысында орман өрті неге көбейді?

Павлодар облысында орман өрті неге көбейді?
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосурет

Қызыл жалынның басым бөлігінің тұтануына найзағай себеп болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаһарда өрт қауіпті кезеңі әлі де жалғасуда. Биыл мемлекеттік орман қоры аумағында 115 орман өрті тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 25 пайызға көп. Бұдан бөлек, бір гектардан астам аумақта болған үш дала өрті және 63 түрлі дала жануы анықталған.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтің айтуынша, барлық жағдай жіті бақылауда.

Қызыл жалын оқиға орнына шыққан күштермен оқшауланып, толық сөндіріледі. Қажет болған жағдайда орман шаруашылығы мекемелері мен жергілікті атқарушы органдардың көмегі тартылады, – деді ол.

Үш ірі дала өрті Баянауыл мен Шарбақты аудандарында тіркелді. 22 маусымда Баянауыл ауданының Құрық ауылдық округінде, екіншісі шілденің 2-сінде Шарбақты ауданының Жылыбұлақ ауылдық округінде болған. Жалын құрғақ шөптің әр жерде орналасқан ошақтары арқылы тараған.

Мамандар жағдайдың күрделенуін ыстық әрі қуаң ауа райымен байланыстырады. Жоғары температура мен жауын-шашынның аздығы орман және дала аумақтарындағы қауіп деңгейін арттырған.

Қайрат Шаймарденовтің сөзінше, 115 жағдайдың 92-сі құрғақ найзағайдан болған. Яғни найзағай ойнап, бірақ жауын-шашын түспеген кезде орман мен далада от тұтанады. Тағы 18 жағдай тұрғындардың отпен абайсыз жұмыс істеуінен, үш оқиға қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан, екі жағдай ауыл шаруашылығы техникасынан шыққан ұшқыннан тіркелген. Соңғы екі оқиға Аққулы және Тереңкөл аудандарында болған.

Шөп шабу кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзған жеке тұлғалар әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 367-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды.

Биыл ауылдық округтер аумағында шыққан жалынның мемлекеттік орман қоры жерлеріне өтуіне байланысты алты жағдай тіркелді. Аққулы және Тереңкөл аудандарындағы оқиғалар бойынша кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қалған фактілер бойынша күдіктілер анықталмаған. Материалдар тергеу үшін ішкі істер органдарына жолданды, – деді Қайрат Шаймарденов.

Өрт қауіпті кезең басталғалы табиғи жанудың елді мекендерге таралуына жол берілмеген. Құтқарушылар мен жауапты қызметтердің жедел әрекеті нәтижесінде жалынның елді мекендерге қауіп төндіруіне және олардың аумағына өтуіне тосқауыл қойылды.