Демалыс күндері Павлодар облысында адам өліміне әкелген ірі жол апаты орын алды

Демалыс күндері Павлодар облысында адам өліміне әкелген ірі жол апаты орын алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Зардап шеккендердің ішінде балалар бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық 103 жедел жәрдем қызметі соңғы үш тәулікте 11 жол-көлік оқиғасынан зардап шеккендерге көмек көрсетті.

Ең ірі жол-көлік оқиғасы 14 тамызда Достық ауылының маңында орын алды.

— Екі автокөліктің соқтығысқаны туралы шақырту сағат 16:54-те түсті. Оқиға орнына бірнеше жедел жәрдем бригадасы, апаттар медицинасы орталығының бригадасы және Қалқаман елді мекенінің дәрігерлік амбулаториясының медицина қызметкерлері жіберілді. Оқиға орнынан облыстық балалар ауруханасына екі ұл бала мен бір қыз бала жеткізілді. Тағы бір әйел кәмелетке толмаған балалардың біріне еріп барды, - деді облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко.

Ал жол апатынан зардап шеккен ер мен әйел Павлодар қаласының №1 ауруханасына жеткізілді. Тағы бір қыз бала өмірге сәйкес келмейтін жарақаттар алған. Медицина қызметкерлері зардап шеккен қызды клиникалық өлім жағдайында жедел жәрдем көлігіне алып, оған реанимациялық көмек көрсетуге әрекет жасады, алайда нәтиже болмады.

Павлодар облыстық балалар ауруханасының мәлімдеуінше, зардап шеккен балалар апат болған күні сағат 20:40 шамасында балалар жедел медициналық жәрдем бригадаларымен аталмыш аурухананың травматология пунктіне жеткізілген.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан 2017 жылы туған ұл балаға іштің жабық жарақаты диагнозы қойылды. Ішкі ағзалардың, соның ішінде бауырдың зақымдануына күдік бар. Бала әрі қарай бақылау және қажетті емдеу-диагностикалық шараларды жүргізу үшін хирургия бөліміне жатқызылды.  Ал 2011 жылы туған ұл балаға жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, сондай-ақ кеуде қуысының соғылуы диагноздары қойылды. Бала травматология бөлімінде ем алуда. Сонымен қатар, 2010 жылы туған қыз баланы тексеру барысында ми шайқалуы белгілері анықталған жоқ. Оң жақ тізе буынының соғылуы диагнозы қойылды. Тексеру және қажетті диагностикалық шаралардан кейін бала амбулаториялық бақылауға жіберілді. 

— Барлық бала кезекші травматолог пен хирургтың тексеруінен өтіп, қажетті диагностикалық зерттеулер жүргізілді. Қазіргі уақытта ауруханаға жатқызылған балаларға қажетті медициналық көмек көрсетіліп, динамикалық бақылау және емдеу-диагностикалық шаралар кешені жүргізілуде, - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, жедел жәрдем қызметкерлері кеше яғни 16 тамызда Таволжан ауылының маңында шұңқырға түсіп кеткен автокөліктің ішіндегі жолаушыларға көмекке барды.  Апат орнынан бірден үш ер адам Успен аудандық ауруханасына жеткізілді. Стреске жіті реакция алған қыз оқиға орнында қалдырылды.

Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенконың айтуынша, ауыр жол-көлік оқиғаларының едәуір бөлігі елді мекендерден тыс орналасқан тас жолдарда орын алады. Мұндай жерлерде жылдамдықты арттыру мен көлікті басқара алмай қалудың салдары аса ауыр болуы мүмкін.