«Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен үй алған павлодарлықтар енді несиені «Отбасы банк» арқылы төлейді

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен үй алған павлодарлықтар енді несиені «Отбасы банк» арқылы төлейді

Өйткені аталған бағдарлама бойынша енді «Отбасы банкі» қызмет көрсететін болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы ӨКҚ-да өткен баспасөз жиынында «Отбасы банк» АҚ ПОФ  баспасөз қызметінің басшысы Мейрам Бағадатов мәлім етті. 

2023 жылдың 1 сәуірінен бастап ҚР Ұлттық экономика министрлігінің шешімімен Отбасы банк «Дипломмен – ауылға» жобасының сенімді агенті болып тағайындалды. 

1 мамырдан бастап «Дипломмен – ауылға» бағдарламасының қатысушылары несиелерін Отбасы банк арқылы өтейтін болады. Сондықтан «Дипломмен ауылға» жобасының барлық қатысушыларын 1 мамырға дейін жеделдетіп, біздің банктен ағымдағы шот ашып, банк клиенті атанып үлгерулерін сұраймыз, – деді Мейрам Бағадатов.

Қазіргі уақытта бағдарлама бойынша несие алған Павлодар облысында 2330 адам бар. Оның ішінде 1065 адам Отбасы банкінен есепшот ашып үлгерген. 

Мейрам Бағадатов несие алғандар әрі қарай қарыздарын төлеу үшін банктен ағымдағы есепшот ашуға міндетті екенін атап өтті. Ал, есепшот несие алған адамдардың рұқсатынсыз ашылмайды. Сондықтан олар банкке өтініш қалдыруы тиіс. 

Есепшотты ешқайда шықпай-ақ онлайн режимде ашуға болады. Ол үшін Otbasy bank мобильді қосымшасын жүктеп алуға болады. 

Бұған дейін бағдарлама бойынша басқа банктерден несие алғандар сол банк арқылы несиелерін төлей беруге болады. Бірақ ол қаржыны түбінде біздің есепшотқа аударуы тиіс. Сол кезде ақша аударғаны үшін ақы алынуы мүмкін. Осындай қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан біздің банк арқыл төлеген абзал, – деді Мейрам Бағадатов.

Айта кетейік, бұдан былай «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша баспанаға несие алатындар «Отбасы банк» арқылы несиесін рәсімдейтін болады.

Фото: inbusiness.kz