Домбыра үні Ertis Promenade-де жаңғырады
5 шілде күні Павлодарда Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы қала тұрғындары мен қала қонақтарын Ertis Promenade сахнасында өтетін мерекелік концертке шақырады.
Мерекелік бағдарлама сағат 19:00-де басталады. Концертте қазақ халқының рухани мұрасы мен ұлттық өнерін ұлықтайтын шығармалар орындалып, көрермендерге дәстүрлі музыка мен би өнерінің үздік үлгілері ұсынылады.
Кешті Қазақстан Республикасы мәдениетінің үздігі Айгүл Дайырбаеваның жетекшілігіндегі «Нұр» би ансамблі «Домбыраға арнау» хореографиялық композициясымен ашады. Бұл қойылым қазақ халқының қасиетті аспабына арналған ерекше тағзым болмақ.
Бағдарламаның маңызды бөлімдерінің бірі – композитор Мұрат Құсайыновтың «Пір Дастан» шығармасының белгілі дирижер әрі композитор Айтқали Жайымовтың оркестрлік өңдеуінде орындалуы. Сонымен қатар, домбырашы әрі композитор Әділет Сейітовтің туған өлке мен Ертіс өңіріне арналған «Ертіс вальсі» күйі күмбірлейді.
Концерт барысында Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Талғат Каримовтың жетекшілігімен Ахмет Жұбановтың «Тәжік биі», Дина Нұрпейісованың «Науаи» күйлерін, сондай-ақ Бақытжан Дүйсенғазиевтің «Дауылпаз жырау» және «Ақберен» шығармаларын орындайды.
Көрермендер халық және авторлық әндерді де тыңдай алады. Жанболат Байсолтан Біржан салдың «Он саусақ» әнін орындаса, Гүлназ Қыздарбекова Манарбек Ержановтың «Сайра, бұлбұл» және Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сәлем саған, Қазақстан!» әндерін шырқайды.
Сондай-ақ филармония солисі Әлижан Қазбеков «Тақиялы періште» кинофильмінен көпшілікке танымал «Алматы туралы әнді» орындаса, Алмас Мұқатай Ж. Омаровтың «Өзіңді аңсап» шығармасын көрермен назарына ұсынады.
Кештің шарықтау шегі ретінде филармония солисі Мәди Түлев Құрманғазының әйгілі «Адай» күйін орындайды. Сонымен қатар, Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығына арналған бөлімде «Алатау» және «Саржайлау» әндері Мадияр Бахтияров пен Қазақстан Республикасы мәдениетінің үздігі Нұржан Сарқамбаевтың орындауында шырқалады.
Ұлттық домбыра күні – халқымыздың бай музыкалық мұрасын дәріптеп, ұлттық өнерге деген құрметті арттыратын ерекше мереке. 2018 жылдан бері ресми түрде аталып өтетін бұл күн қазақтың қасиетті аспабы – домбыраның ұлт мәдениетіндегі орны мен маңызын насихаттауға бағытталған.
Филармония ұжымы барша павлодарлықтар мен қала қонақтарын Ertis Promenade алаңында өтетін мерекелік кешке қатысып, күй мен әнге толы рухани кештің куәсі болуға шақырады.