Егістікке қауіп жоқ: Павлодарда зиянкестерге қарсы жұмыстар жалғасуда
Павлодар облысында ауыл шаруашылығы алқаптарын шегіртке зиянкестерінен қорғау бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Арман Шүйкеновтің мәлімдеуінше, өңірде 2026 жылға арналған болжамға сәйкес облыста шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 48,8 мың гектар алқапта жоспарланған. Оның ішінде үйірлі шегірткелерге қарсы – 12,7 мың гектар, ал саяқ шегірткелерге қарсы – 36 мың гектар.
– Үйірлі зиянкес – италиялық прусқа қарсы іс-шараларды жүргізу үшін бюджеттен 48,4 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, 2026 жылға арналған үйірлі шегіртке зиянкестерімен күрес жоспары бекітілді. Химиялық өңдеу жұмыстары облыстың барлық 10 ауданында, сондай-ақ Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында жоспарланған, – деді ол.
Айта кету керек, биыл италиялық прусқа қарсы өңдеу көлемі 12,7 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есеге төмен.
Маусым айының басынан бастап мамандар зиянкестің даму кезеңдеріне сәйкес химиялық өңдеу жұмыстарын бастаған. Шегірткелердің таралу ошақтарын анықтау үшін 714,4 мың гектар аумақты зерттеу жоспарланған. 11 маусымдағы жағдай бойынша 273 мың гектар жер зерттелген.
– Мониторинг нәтижесінде 30 мың гектар аумақта шегірткелердің қоныстануы анықталды. Оның ішінде 6,2 мың гектар жер экономикалық зияндылық шегінен асып, химиялық өңдеуге жатқызылды. Бүгінгі күні анықталған барлық 6,2 мың гектар алқап толық өңделді. Үйірлі шегірткелерге қарсы жоспарланған жылдық көлемнің 41 пайызы орындалды, – дейді Арман Шүйкенов.
Ең ауқымды жұмыстар Баянауыл ауданында – 2500 гектар, Май ауданында – 2160 гектар және Ақсу қаласының ауылдық аймағында – 812 гектар көлемінде жүргізілді. Аққулы ауданында 702 гектар алқаптағы өңдеу жұмыстары толық аяқталған.
Шегіртке зиянкестерінің ерекше түрлерімен күрес бойынша да елеулі көлемде жұмыстар жүргізілген. Биылғы жылы өңдеулер жергілікті бюджет қаражаты есебінен 36,1 мың гектар алаңда жүргізілуде.
Бүгінгі күнге дейін 31 мың гектар өңделді, бұл жоспардың 86 пайызын құрайды. Баянауыл ауданында – төрт мың гектар, Май ауданы – 4,7 мың гектар, Ақсу қаласының ауылдық аймағында – 4,3 мың гектар өңделген.
Ақтоғай, Павлодар және Успен аудандарында, сондай-ақ Павлодар және Екібастұз қалаларының ауылдық аймақтарында өңдеулер толық аяқталған.
Бекітілген кестеге сәйкес, алдағы 2-3 күнде Железин, Ертіс, Тереңкөл және Шарбақты аудандарында өңдеулер аяқталатын болады. Химиялық шаралар кешенін толық аяқтау 25 маусымға жоспарланған.