Екібастұзға қарасты ауылдардағы өмір сапасы жақсаруда

Салынып жатқан нысандар – ауыл сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың көрінісі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов жұмыс сапарымен Екібастұз қаласына барды. Алдымен облыс әкіміне Қоянды ауылының тұрмыстық жағдайы көрсетілді. Бұл ауыл тірек мекені болып есептелгендіктен барлық жұмыстар «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүргізілді. Бүгінгі таңда ауылда 499 адам өмір сүреді. Округте жалпы төрт елді мекен бар, онда 1100-ден астам тұрғын тұрады.
– Биылғы жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде төрт негізгі жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның екеуі — жол құрылысы, біреуі — дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, – деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.
Бесқауғада дене шынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысын «Пром строй комплекс» мердігерлік ұйымы жүргізіп жатыр. Жалпы нысанның аумағы – 816 шаршы метр. Жоба екі жылға жоспарланған.
– Жалпы жобаның сомасы 500 миллионнан астам болса, оның ішінде республикалық бюджет есебінен 150 миллионға жуық қаражат бөлінді. Бекітілген кестеге сәйкес барлық жұмыстар жүргізілуде. Келесі жылы осы жобалардың қаржыландыруына байланысты аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, – деді Аян Бейсекин.
Болашақ кешен бір мезетте жиырма бес баланы қамти алады. Екібастұз қаласы әкімінің сөзінше, күніне мекеме 150-ден астам баланы қабылдауға қуатты.
Кейін облыс әкіміне Қоянды ауылындағы №14 мектептің құрылыс жұмыстары таныстырылды. Аян Бейсекиннің сөзінше, бұл мектепте ең ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
– №14 мектептен басқа барлық нысандарда жұмыстар толығымен аяқталды. Осы жерде 1300 шаршы метр төсем салу керек еді, бүгінгі күні 1100 метр төселді. Тамыз айының 15-не дейін барлық жұмыстарды аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімі.
Жөндеу жұмыстарының аясында мектептің сыртқы қасбеті, ішкі инженерлік жағдайлары және аббаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Есептерді тыңдау барысында Асайын Байханов мектептердегі қазандықтардың жағдайын сұрастырды.
– Осы екі жылдың ішінде өзіңіздің қолдауыңызбен біз барлық қазандықтарды жаңарттық. Жеті жылдық мерзімі бар. Қазір мерзімнен асқан бір де бір қазандық жоқ, – деді Аян Бейсекин.
Аймақ басшысының іс-сапарының келесі аялдамасы ауылдағы көшелерде жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары болды. Қоянды ауылда негізінен алты көше бар. Биылғы жылы ең ұзын көшелерді жөндеу жұмыстары өтіп жатыр. Оның ішінде Шаңырақ көшесінде 0,8 шақырым жерде толығымен жұмыстар аяқталды. Қазір жұмыстарды қабылдау жұмыстары өтіп жатыр.
– Кіреберістегі көшеде жұмыстар әлі аяқталмады. Себебі, біз «Горводоканал»-дың алдына нақты міндеттемелерді қойдық. Жол астында су құбыры өтеді. Құбырды толығымен жаңартық. Қазір енді негізін қалап жатырмыз, – деді Екібастұз қаласының әкімі.
Аян Бейсекиннің сөзінше қазіргі күні төрт көше қалды. Оның сөзінше «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаражат бөлінбесе, қала бюджетінен 130 миллион теңге алуды жоспарлап жатыр.
– Былтырғы жылы берген тапсырмаңыз аясында, осы ауылдарда кешенді түрде жөндеу жұмыстары жүргізіп жатырмыз, – деді қала әкімі.
Қала әкімінің есебін тыңдау кезінде Асайын Байханов осындай болашағы бар ауылдарда жұмыстар жүргізу маңызды екенің тағы бір мәрте атап өтті.