Екібастұз әкімі жолаушылар тасымалы саласындағы оң өзгерістерді қорытындылады
Бұл туралы қала басшысы Instagram парақшасында мәлімдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала басшысы бұдан 3-4 жыл бұрынғы жағдайды еске түсіріп, ол кезде автобустардың тым ескіргенін, ал жүру жиілігі 25-тен 40 минутқа дейін созылғанын атап өтті. Облыс әкімі Асайын Байхановтың қолдауымен қаланың автобус паркі толық жаңартылып, сапалы резерв қалыптастырылды, бұл интервалдарды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді.
Әкім «НарТранс» тасымалдаушы компаниясының жұмысымен танысып, мекеменің материалдық-техникалық базасын нығайтуға салынған жаңа инвестицияларды тексерді. Қазіргі таңда барлық автобустар бейнекамералармен және арнайы мониторинг жүйесімен жабдықталған.
– Атап айтқанда, жасанды интеллект технологиясы жүргізушінің шаршағанын, темекі шеккенін немесе телефон қолданғанын бақылап, қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Кәсіпорында электробустарды зарядтау станциялары, жаңа шеберханалар мен бокстардың құрылысы жүріп жатыр, – деп жазды әкім әлеуметтік желіде.
Дегенмен, қала басшысы жаңа маршруттарды ашу жоспарда жоқ екенін кесіп айтты.
– Қолданыстағы маршруттық желі қазіргі нормативтерге сәйкес бүкіл қаланы қамтып отыр, – деп түсіндірді Аян Бейсекин.
Оның айтуынша, алдағы уақытта басты назар жаңа бағыттар ашуға емес, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға аударылмақ.