Екібастұзда қауіпті учаскелер бақылауға алынды

Екібастұзда қауіпті учаскелер бақылауға алынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кеншілер шаһарында жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін полиция бақылауды күшейтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екібастұз қаласында жол қауіпсіздігі туралы қалалық полиция басқармасының әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Руслан Сүлейменовтің мәлімдеуінше, мұнда жыл басынан бері 12 апат тіркеліп, 4 адам қаза тапқан. Ал 22 адам түрлі дене жарақатын алған.

– Әрбір жол-көлік оқиғасы полиция қызметкерлерімен мұқият талданады. Оның ішінде 6 жол апаты қала аумағында болып, 9 адам зардап шекті. Ал автобан учаскесінде болған 6 жол апатынан 17 адам зардап шегіп, 4 адам қаза тапты. Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері – жүргізушілердің жылдамдық режимін бұзуы, маневр жасау ережелерін сақтамауы, жол қиылыстарынан өту кезектілігін бұзуы, сондай-ақ жаяу жүргіншілер тарапынан жіберілетін құқық бұзушылықтар, - деді ол. 

Руслан Сүлейменов апат салдарын төмендету мақсатында полиция жылдамдық режимін бақылауды күшейткенін атап өтті. Апат қаупі жоғары учаскелерде рейдтік іс-шаралар өткізіліп, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында профилактикалық түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылуда. 

Сонымен қатар, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және профилактикасы бойынша жұмыстар жалғасуда. Жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру және өлім-жітімге әкелетін апаттар санын азайту бағытында шаралар күшейтілген.