Екібастұзда 7-ші жылу магистралі алаңдаушылдық тудырды

Құбырлардың қызып кету қаупі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ағымдағы жылы апатты жағдайда тұрған 7-ЖМ және 2-ЖМ жылу магистральдерді қалпына келтіруге облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. №7 магистраль Әуезов көшесінен «Hyundai» орталығына дейінгі аумақты алады.
Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Асайын Байханов 7-ЖМ магистраліндегі ақауға қатысты алаңдаушылық білдірді. Температуралық сынақтар кезінде үш ақау, ал гидравликалық сынақтар кезінде 179 ақау анықталған.
– Өткен жылыту маусымы басталғанда 16 рет бұзылған жерлерді толтырып, босатып, жөндеуге тура келді. Жетінші магистральді 16-шы реттен ғана іске қостық. Қазір учаскелерде мердігерлер анықталып, жұмыс басталды. Өкінішке орай, бұл жылу магистральдарымен қамтамасыз етілген 182 үйге қайта құру жұмыстары толық аяқталмағанға дейін ыстық су берілмейді, – деп түсіндірді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.
Желіде 20 бригада жұмыс істейді. Олар ендігі кезекте әлеуметтік нысандардағы жұмыстарды шегеріп, бірінші кезекте үйлерге ыстық су беруді қамтамасыз етуді қолға алуда. Жұмысты 10 мамырға дейінаяқтау көзделіп отыр.
Бірақ зақымданудан басқа, 7-ЖМ-де тағы бір мәселе туындаған. Магистральдік желіде жеке бойлерлер тұрғандықтан, ыстық сумен жабдықтау үшін жылу беру көлемі өте жоғары. Ал 7-ЖМ жұмыс істеп тұрған кезде тұтыну көлемі төмен, сондықтан судың 85 градусқа дейін қызып кету қаупі бар. Сол себептен қазандықты қысқа уақытқа тоқтатуға тура келеді.
Егер қалған магистральдар тұтыну көлемін 2,5 мың тоннаға жеткізсе, онда 7-ЖМ -сыз жұмыс істеуге де болады. Маусым айының соңына қарай аталған құбырды 10-ЖМ арқылы іске қосуға болады, осылайша тұтыну көлемі тағы 700-800 тоннаға өспек. Сондай-ақ, қазандық қалыпты режимде жұмыс істеп, турбогенераторларға қажетті буды бере алады. Аталған ұсыныс жиында талқыланды.
– Біз «Самұрық-Қазына» АҚ-мен келісімге шығамыз. Олар бұл шығындарды өз мойнына алады деп үміттенемін. Бірақ мені басқа нәрсе алаңдатады. Технологиялық тұрғыдан, егер тұтыну көлеміне сай келмесек, желілерге қауіп төндіруі мүмкін, әсіресе ыстық су 85 градусқа дейін қызып кетеді. Құбыр жарылып кетсе, ыстық су өтіп бара жатқан адамдарды күйдіріп жіберуі мүмкін. Сондықтан 7-жылу магистралін Әуезовтің бойынан өтетін 10-жылу магистраліне тезірек қосу қажет, – деп тапсырды аймақ басшысы.
Айта кетейік, бүгінгі күні №10, 11, 16 жалу магистральдерінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Нәтижелері маусым айында дайын болады деп күтілуде.