Екібастұзда тұрғындардың абайсыздығынан болған өрт сөндірілді
Онда құрғақ шөп жанған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызмтінің мәлімдеуінше, 14 шілде күні сағат 07:55-те Екібастұз қаласы, Шиқылдақ ауылының маңында ғарыштық мониторингтен өрт шыққаны расталды.
- Ашық алаңда жалпы ауданы 316 гектарды құрайтын 9 ошақта құрғақ шөп өртенді. Өрт сөндірушілер тілсіз жауды сағат 22:00-де ауыздықтап, 04:20-да сөндірді, - делінген хабарламада.
Жалынды ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаментінің 29 қызметкері мен 8 бірлік техника жұмылдырылды. Сондай-ақ жақын маңдағы өрт сөндіру бекеттерінен 8 адам мен 2 бірлік техника, ҚТҚ 12 адам мен 4 техника көмекке барды.
Өрттің шығуына тұрғындардың отқа абайсыз қарауы себеп болған. Төтенше жағдайлар департаменті өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.