Екібастұзда бірлік пен келісім фестивалі өтті
Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу құрметіне ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Бірлік пен келісімнің 30 жылы» атты фестиваль қонақтарын Естай Беркімбаев атындағы музыка мектебінің әртістері – «Ән шашу» ансамблі қарсы алды.
Қатысушылар үшін түрлі этностардың ұлттық тағамдары дайындалды.
Армян этно-мәдени бірлестігі «Арарат» «Ғасырлар аманаты» атты көрмесін ұйымдастырып, онда былғарыдан жасалған авторлық бұйымдарды ұсынды.
Қалалық музейдің қолдауымен Балалар көркемсурет мектебі оқушылардың достық пен бірлікке арналған шығармашылық жұмыстарының көрмесін рәсімдеді. Бұл көрмені қалалық шеберлердің бұйымдары: көрпе, жастықтар, ұлттық нақыштағы табиғи тастар мен күмістен жасалған әшекейлер толықтырды.
Этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері, құрметті қонақтар және қала тұрғындары мерекенің ұйымдастырылуына ерекше ризашылық білдірді.
Фестиваль елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықтың негізі болып табылатын Қазақстан халқының бірлігінің, келісімінің және мәдени алуандығының айқын үлгісі болды.