Ертіс ауданында жас ақындар байқауы өтті

Жарысқа тоғыз үміткер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданында қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілі, ақын, композитор Иса Байзақовтың 125 жылдық мерейтойына арналған «Дауылды жырдың дүлдүлі – Иса ақын!» атты жас ақындар арасында желдірме байқауы өтті. Жыр додасы Ертіс аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылып, өңірдің түкпір-түкпірінен келген талантты жастар бас қосты.
– Аталған шара жастардың поэзияға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық өнер мен рухани мұраны дәріптеуге зор үлес қосты. Жыр додасы барысында қатысушылар Иса ақынға арналған арнау-жырларын желдірме стилінде орындап, көрермендерге ерекше әсер қалдырды, – деді ұйымдастырушылар.
Осындай игі шаралар арқылы жас ұрпақтың рухани дамуына жол ашылып, Иса Байзақов сынды ұлы тұлғалардың мұрасы жас буынға кеңінен насихаттала бермек.
Жас талапкерлердің өнерін арнайы құрылған қазылар алқасы бағалап, үздіктер анықталды. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлде павлодарлық Құнанбай Жалыңға бұйырды. Жүлделң бірінші орынды ақсулық Ысқақ Мағжан, екінші орынды Ақтоғайлық Рамазан Махамбет алса, үшінші орынды ертіс ауданының дүлділі Бейсембай Ардақ иемденді.
Сонымен қатар, аудан әкімінің арнайы жүлдесі Атамекен ауылынан келген Жазира Төлеубаеваға, Көрермен көзайымы номинациясы ертістік Сұңқар Мұхаметжанға берілді.