Екібастұзда болашақ тәртіп сақшыларын тағайындау жұмыстары басталды
Осыған орай мектеп оқушыларымен кездесу өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында қалалық полиция басқармасының қызметкерлері және облыстық департамент өкілдері «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінде қаланың жалпы білім беретін мектептерінің 11-сынып түлектерімен кездесу өткізді. 120 түлек кәсіптік бағдар беру жұмысына қатысты.
Мектеп түлектерімен кездесуде тергеуші, жедел уәкіл, криминалист және учаскелік инспектор лауазымына қалай оқуға түсу керектігі айтылды.
ҚР ІІМ жүйесінің жоғары оқу орындарына түсушілерге қойылатын тәртіп пен талаптар туралы, түсу емтихандары, қызметтің артықшылықтары және түлектердің болашағы туралы облыстық департамент тәрбие және кадр жұмысы басқармасының инспекторы Бейбіт Жақыпов баяндап берді.
Елімізде төрт ЖОО бар. Олар – Алматы, Қарағанды және Қостанай академиялары және Ақтөбе заң институты.
Тыңдаушыларға курсанттық жұмыс күндері туралы қаланың бұрынғы мектеп түлектері Диас Қайыров және Әділ Исанов баяндап берді. Қазіргі уақытта олар ҚР ІІМ Қарағанды академиясында тергеуші мамандығы бойынша оқуларын тәмамдап жатыр.
– Бұл білім беру мекемелері өз студенттеріне тегін тамақ, нысанды киім-кешек, стипендия ұсынады. Жоғары заңгерлік білім алумен қатар, ЖОО түлектеріне «полиция лейтенанты» арнайы атағы беріліп, міндетті түрде жұмысқа орналастырылады. Сонымен қатар, оқу уақыты мерзімді әскери қызмет өткерумен теңестіріледі, – деп толықтырды қалалық ПБ бастығының орынбасары Қанат Кәрімжанов.
Іс-шаралар еркін форматта өтті. Жоғары сынып оқушылары қызықтырған сұрақтарын қойып, полицейлер тарапынан толық жауаптарын алды. Іс-шара соңында ҚР ІІМ жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірушілер үшін байланыс деректері бар ақпараттық буклеттер таратылды.
ҚР ІІМ оқу орындарына түсу бойынша толық ақпаратты Екібастұз қаласы, М. Жүсіп көшесі, 99, 309 кабинеттен немесе 8 (7187) 75-05-35, 77-13-26 байланыс телефондары арқылы алуға болады.