Екібастұзда есірткі табылған колледж студенті қоғамдық жұмысқа тартылды
Аталған фактіге қатысты Қазақстан Республикасы ҚК 296-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұз қаласында 18 жастағы колледж студенті ұсталған. Тексеру жүргізу кезінде одан ерекше иісі бар жасыл түсті затпен байламдар табылып, тәркіленді.
– Сараптама қорытындысына сәйкес бұл салмағы 4,8 грамм есірткі гашиш және 2 грамм кептірілген марихуана болды. Жас жігіт сотта қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәсін мойындады. Ол сот үкімімен Қазақстан Республикасы ҚК 296-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 30 сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды. Үкім заңды күшіне енді, – деді департаментте.
Айта кетерлігі, Павлодар облысында жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымы саласында қылмыс жасаған 18 адам анықталды. Заң бұзғандардың арасында 60 жастағы ер адам да бар. Бұл көбінесе 18-24 жас аралығындағы адамдар.