Павлодар облысында кітап сквері демалыс пен өнерді бір жерде біріктірді

Саябақта кітап түріндегі екі арт-объект орнатылды, деп хабарлады @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биылғы жылы Екібастұз қаласының орталық кітапхана ғимаратының алдында орналасқан аумақта абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңа шағын сквер пайда болды. Бұл кеңістік қала тұрғындары үшін жайлы демалыс орнына айналды.
– Жөндеу жұмыстары аясында екі жинақ модульді орындықтар орнатылды. 250 шаршы метр аумағында кеспе тас төселіп, 12 жарық шамын орнаттық, – деді Екібастұз қаласының ТҮКШ бөлімінің бас маманы Махаббат Қайырова.
Абаттандыру жұмыстарын «USM Holding» мердігер ұйымы жүргізді. Жалпы құрылыс жұмыстары бір ай ішінде аяқталды.
– Жобаның бастамашысы қала әкімдігі болды. Қаржыландыру бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылды. Жалпы сквер құны 15 миллион теңгені құрады, – деді Махаббат Қайырова.
Келер жылы жаңа саябақтарды абаттандыруды жұмыстарын жалғастыру жоспарлануда. Қазір құжаттамалық жұмыстар жүргізілуде.
Кітапхана алдындағы бұл шағын сквер қала келбетіне көрік беріп қана қоймай, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған инфрақұрылымның маңызды бөлігіне айналды. Қалалықтар жаңа кеңістікті жоғары бағалап, мұнда серуендеп, кітап оқып, тынығуды әдетке айналдыруда.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәшһүр Жүсіп көшесінде скверді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатта қала бюджетінен 200 миллион теңге бөлінді. Жоспарға сәйкес аумақта 830 шаршы метр кеспе тас төселіп, 33 жарық шамы орнатылады.
Сонымен қатар, елуден астам ойын алаңы жөнделіп, тоғыз көше воркауты және стритбол алаңы жаңартылды.