Екібастұзда көлікті масаң күйде тізгіндеген жүргізуші түрмеге қамалды

Екібастұзда көлікті масаң күйде тізгіндеген жүргізуші түрмеге қамалды
Константин Шелковтың фотосы

Ол бұрын жеті жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының м.а. Азамат Күркебаевтың айтуынша, тәртіп бұзушы алкогольдік мас күйінде, өз әрекетінің заңға қайшы және қоғамға қауіпті екенін біле тұра, «Mercedes-Benz» маркалы автокөлікті тізгіндеген. Ол жол қозғалысы ережелерін бұзды. Сот үкімімен оған бір жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру жазасы тағайындалды.

– Бізде мұндай фактілер күн сайын тіркеліп отыр. Кейбір азаматтар бірнеше рет куәліктен айырылғанына қарамастан, рөлге отырады. Мұндай жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады, – деді басқарма басшысы.

Азамат Күркебаев атап өткендей, мұндай әрекет тек әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.

– Мас күйінде көлік тізгіндеген адам тек өз өміріне ғана емес, айналасындағылардың да өміріне қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай құқық бұзушыларға ешқандай жеңілдік қарастырылмайды, – деді ол.

Полиция қызметкерлері тұрғындарды жол қозғалысы ережелерін сақтауға, мас күйінде рөлге отырмауға және жолдағы өзге қатысушылардың өміріне қауіп төндірмеуге шақырады.