Екібастұзда театрландырылған патриотизм сабақтары өтті

Кеншілер қаласындағы «Самғау» балалар шығармашылық орталығында ерекше шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұйымдастырушылары – білім бөлімі мен «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігі.
«Өткен тарих мәңгі ел есінде» байқауы патриотизм сабағына айналып, №10, 11, 18, 22, 25, 26 мектептер мен Қарасор орта мектебінің жеті театр ұжымын біріктірді.
Қатысушылар «Драмалық қойылым», «Музыкалық қойылым» және «Әдеби-музыкалық композиция» сияқты үш номинация бойынша қойылымдарын ұсынды.
Білім басқармасының айтуынша, педагогтардың қойылымдары көзге жас келтірді. Сценарий ретінде қатысушылар пьесалардың фрагменттерін, әдеби шығармаларды және авторлық шығармаларын пайдаланды.
Байқауда қатысушыларды мәдениет мекемелерінің басшылары, кәсіподақ және театр студияларының өкілдері он балдық жүйе бойынша бағалады. Сондай-ақ көрермендер экрандағы QR кодын тікелей сканерлеу арқылы дауыс бере алды.
Гран-при №25 гимназия театрына бұйырды.
– Бүгін сахнада тарих сөйледі. Біз тек театрландырылған нөмірлерді ғана емес, Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті көрдік. Бүгін сахнаны жанды тарих тағылымына айналдырған - екібастұздық ұстаздар, - деп атап өтті қазылар алқасының төрайымы, қалалық білім бөлімінің басшысы Лаура Дисюпова.
Байқауда жеңімпаз атанған №25 қазақ қыздар гимназиясының ұстаздары Ғабит Мүсіреповтің «Ақлима» повесі бойынша «Отты жылдар жаңғырығы» атты әдеби-сазды композицияны ұсынды.
Қойылым сценарийін мектептің оқу ісінің меңгерушісі Қарлығаш Жұмаділова, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Күлшара Дәуітова және музыка пәнінің мұғалімі Әминат Умарова мұғалімдердің өздері дайындаған.
Ұлы Отан соғысы хроникада ғана емес, Ақлима сияқты қарапайым адамдардың тағдырына да із қалдырған. Ол сол жылдардағы қайратты, қайсар, тыл мен соғыстың ауыртпалығын көтерген қазақ әйелінің жиынтық бейнесі.