Екібастұзда жаңа алып өнеркәсіп орны іске қосылды

Екібастұзда жаңа алып өнеркәсіп орны іске қосылды
Фото: Константин Шелков

Ферроқорытпа зауытының жоспарланған өндірістік қуаты жылына 60 мың тонна өнімді құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жоба «Даму» қоры мен облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылған.

Зауыттың ашылу салтанатында өңір басшысы Асайын Байханов атап өткендей, отыз миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған және 300-ден астам адамды жұмыспен қамтыған бұл кәсіпорын – Мемлекет басшысының өңдеуші өнеркәсіпті жедел дамыту және экономиканы әртараптандыру жөніндегі тапсырмасын орындаудың нәтижесі.

Бұл зауыт – үш ірі кәсіпорынның алғашқысы. Жоба толық іске асқанда, Қазақстан ферроқорытпа өндірісі көлемі бойынша әлемде екінші орынға шығуға мүмкіндік алады. Биыл өңірде отыздан астам ірі жоба жүзеге асырылып жатыр, олардың барлығы павлодарлықтардың әл-ауқатын арттыру мен облыс экономикасын дамытуға бағытталған.

– Мұндай ауқымды міндеттердің орындалуы мемлекет пен жеке бизнестің тиімді өзара іс-қимылының нәтижесі. «KazFerroLimited» компаниясының басшылығына және акционерлеріне осындай ірі әрі маңызды жобаны қысқа мерзімде жүзеге асырғаны үшін алғыс білдіремін. Баршаңызды осы айтулы оқиғамен құттықтаймын, ұжымға табыс пен өркендеу тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Екібастұздағы жаңа ферроқорытпа зауыты заманауи өндіріс тенденцияларына сай жобаланып, қысқа уақыт ішінде салынды. Жоғары технологиялық өндірістің іске қосылуы өңірдің әлеуметтік тұрақтылығына елеулі әсер етеді.

Жаңа кәсіпорында металлургия саласында тәжірибесі бар білікті мамандар жұмыс істейді. Бұл өндірістік қабілетті арттырып қана қоймай, жергілікті мамандардың кәсіби дамуы мен білім деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Зауыттың іске қосылуы Қазақстанның ішкі өндірісін ұлғайтып қана қоймай, экспорттық әлеуетін де айтарлықтай кеңейтеді. Ферроқорытпа өнімдерінің негізгі нарықтары – Оңтүстік Корея, Жапония, Солтүстік Америка және Еуропалық Одақ елдері. Бұл елдерде сапалы металлургиялық материалдарға сұраныс жоғары, сондықтан жоба еліміздің сыртқы саудасын дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады.