Екібастұзда жаңартылған «Шахтер» саябағы қашан ашылады?
Реконструкциялау жұмыстары бекітілген кестеге сай жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қала әкімі Аян Бейсекин қаланың басты қоғамдық кеңістіктерінің бірі – «Шахтер» саябағындағы жөндеу жұмыстарының барысын тексерді.
– Бүгінгі таңда субұрқақ құрылысы, автоматты суару жүйесін ретке келтіру, шағын архитектуралық формаларды монтаждау, бетонды скейт-паркті дайындау және көгал отырғызу жұмыстары жүріп жатыр. Облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы бойынша, маусым айында жаңартылған саябақтың бір бөлігін қала тұрғындары үшін ашуды жоспарлап отырмыз. Жұмыстарды толықтай аяқтап, саябақты толық ашу ағымдағы жылдың тамыз айының соңына жоспарланған, – деп жазды қала басшысы Instagram-парақшасында.
Аян Бейсекиннің айтуынша, нысанда 25 бірлік арнайы техника мен 170-тен астам жұмысшы жұмылдырылған. Барлық жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес атқарылуда.
Екібастұз әкімі қайта құру жұмыстарының барысы облыс басшылығы мен жеке өзінің бақылауында екенін атап өтті.