Екібастұздық ана: Көрісу күні балаларға сыйлық сыйлап, тәтті әперген жөн

Бұл балалардың ұлттық дәстүрді есте сақтап қалуына әсер етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Наурызнама онкүндігі Амал мерекесінен бастау алады. Көрісу – халқымыздың көнеден келе жатқан мерекесі. Бұл күнді жаңа жылдың басы деп те есептейді. Басқа бір атауы — Амал мерекесі. Екібастұздық «Хас шебер» қауымдастығының мүшесі Дәмет Әміренованың сөзінше, қыстан аман шыққан халық жер-аяғы кеңігенде айналасын түгендеп, жақын-жуығымен қауышпақ ниетпен көріседі.
– Адамның аузы аққа, малдың аузы көкке аман-есен жетіп, күн шуағы бойды жылытқан сәттен амалдау, тірлік ету, жақсылыққа бастау нышанымен Амал аталып кетсе керек. Тағы бір нұсқасында «Амал» атауы көне парсы тіліндегі «Наурыз» атауы «Хамал» болған, тілге икемделіп «Амал» аталып кеткен деседі. Жалпы «Наурыз» атауының өзі «Жаңа күн» дегенді білдіреді, – деп атап өтті Дәмет Әміренова.
Амал мерекесімен құттықтаушылар бірін-бірі «Бір жасың құтты болсын!», «Бір жасыңмен!» деп тілек білдірісіп жатады. Оның мәнісі халқымыз бүгінгідей туған күнді тойламаған. Жаңа жылмен жасың да жаңарады деп есептеген. Сондықтан Көрісу күні жай ғана жыл басы емес, адам жасының да ұлғаюы – жаңа белеске қадам басуы деп қабылданған.
– Қазіргі жастарға осы мерекенің құндылығын түсіндіруден шаршамау керек. Бұл – ұлттық болмысымызды ашатын мереке. Төл мерекеміз десек те артық емес. Балалардың бұл мерекеге деген ықыласын арттырудың бір жолы – оларға сыйлық сыйлап, тәтті әперіп, қалауын орындау керек. Қуанышқа кенелген балалар келесі жылы бұл мерекені тағатсыздана күтетін болады, – деді ол.
Оның айтуынша, негізінен Амал мерекесін Батыс өңірі ертеден жақсы тойлайды. Олар бір-бірін қонаққа шақырып, көрісіп шығады.
– Біздің өңір бұл күнді негізінен «Әбдікей» деп біледі. Жердің тоңы жібіп, қар кетіп, күннің райы өзгерген шақта торғай суға шомылса, жаз ерте түсіп, көк ерте шығады, ал олай болмаса, қыс амалы қырық күнге созылып, сәуір болмай тәуір болмайды деп қабылдаған. Көзкөрген ақсақалдарымыз осы күннің жаймашуақты, желдің оңынан тұруы, айналаға бір жарық сәуленің төгілуі сияқты амалдарға зер салып бағамдап отыратын, – деді Дәмет Әміренова. –Ертесіне «Әбдікей жақсы болды, жер ерте көгеретін болды. Малға да жайлы болатын болды» деп қауқылдасатын.
Егер күн бұлт артына тығылып, ызғары сезіліп, дала түгел маужырап жатса, «Қыстың қамы әлі қырық күнге созылады.
– Сәуір түспейінше амалдаңдар» деп ақыл-кеңесін беріп жата-тұғын. Бұл өзім күрген көнекөздердің сөзі еді. Бүгінгі біз Амал мерекесін де, Әбдікейді де қатар қабылдап, екеуін де жақсылықтың нышады деп білеміз. Екеуін де ескереміз, – деді Дәмет Әміренова.
Оның пікірнше, ересек адамдар өскелең ұрпаққа бұл мерекенің мән-мағынасын түсіндіруден жалықпауы керек.