Павлодарда еңбек дауына қатысты мәселе бақылауға алынды

Павлодарда еңбек дауына қатысты мәселе бақылауға алынды
Фото: Павлодар облысының аумақтық кәсіподақ бірлестігі

Одақтар үйінде азаматтарды қабылдау өтті, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Кездесуге Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі Павлодар облысы бойынша уәкілдің өкілі Мәди Сыздықов пен ҚР Кәсіподақтар федерациясы заң клиникасы филиалының басшысы Марина Иванова қатысты.

Көмек сұрап келген тұрғындар жұмыс беруші «PAVLODAR DOWNTOWN» ЖШС басшысы оларды еңбек шартынсыз жұмысқа жіберіп, орындаған жұмыстарына толық еңбекақы төлемегеніне шағымданған. Аталған жағдайдан кейін олар сотқа жүгінген. Бұл ретте жұмыс беруші еңбек шартын жасаспаған, еңбек жағдайларын жасамаған, қызметкерлерді міндетті сақтандыруды жүзеге асырмаған және оларды жазатайым оқиғалардан сақтандырмаған, жұмыс уақытын есептемеген, жалақы төлемеген. Сол арқылы ол Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 1), 2), 4), 9), 14), 15), 20), 25) және 27) тармақшаларында көзделген міндеттерді орындамаған.

– Өтініш берушілердің мәселесі толық шешілгенге дейін бақылауда болады, – деді Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мәди Сыздықов.

Сондай-ақ кәсіподақтар федерациясы заң клиникасының филиалы Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына еңбек қызметі фактісін анықтау және жұмыс берушіден жалақы бойынша берешек сомасын өндіріп алу туралы өтініштерді ресімдеу бойынша құқықтық көмек көрсетті.