Екібастұздық оқушы тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының жеңімпазы атанды

Екібастұздық оқушы тоғызқұмалақтан әлем чемпионатының жеңімпазы атанды
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жарысқа 180 спортшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Алматы қаласында өткен тоғызқұмалақтан әлем чемпионатында екібастұздық жас спортшы Әмір Наурызғали топ жарып, бірінші орын иеленді. Ол «Қайнар» білім беру және бос уақытты қамту кешенінің қазақ ұлттық ойындары секциясының тәрбиеленушісі. 

– Қарсыластар өте мықты болды. Әр партияны талдап, күн сайын жаттығып отырдым. Ойын барысында сабыр сақтауға тырыстым, – деді жас чемпион.

Дәстүрлі зияткерлік додаға Орталық Азия елдерімен бірге Моңғолия, Пәкістан, Қытай, Үндістан, Германия, Италия, Оңтүстік Корея және Түркиядан спортшылар қатысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл чемпионатқа 21 елден 180 спортшы қатысып, ұлттық ойынға деген халықаралық қызығушылықтың айтарлықтай артқанын көрсетті.

Чемпионаттың ашылу салтанатында Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов бұл спорт түрінің әлемде танымал бола бастағанын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, тоғызқұмалақ – жастарды ойлануға, талдауға, стратегия құруға және адал бәсекеге баулитын халықаралық зияткерлік ортаға айналып келеді.

Отанына оралған Әмірді туыстары, жақындары және жергілікті спорт қауымдастығы салтанатты түрде қарсы алды. Чемпионның жаттықтырушысы Қуаныш Булкенов шәкіртінің тәртібі мен табандылығын ерекше атап өтті.

— Әмір алғашқы күннен бастап зейінділігімен, жауапкершілігімен ерекшеленді. Қосымша тапсырмаларды өз еркімен сұрап, үйде партияларды талдап отырды. Бұл жеңіс – оның мақсатқа деген берік ұмтылысы мен табиғи талантының нәтижесі, – деді ол.

Турнир қорытындысы бойынша Әмір Наурызғалиға Қазақстан Республикасының спорт шебері атағы табысталды.