Павлодарлықтар декреттік демалысқа шыққанда МӘМС қалай жұмыс істейді?

Павлодарлықтар декреттік демалысқа шыққанда МӘМС қалай жұмыс істейді?
Фото: pixabay.com/StockSnap

Сұраққа әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми өкілі жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірдің нәзік жандыларына заң бойынша жұмыс істейтін жүкті әйелдер үшін МӘМС-ке жарналар мен аударымдарды жұмыс беруші төлейтінін еске салды. Яғни екі пайыз сіздің жалақыңыздан ұсталады, тағы үш пайыз жұмыс берушінің өзі төлейді. Жүктілік бойынша демалысқа шыққанға дейін бұл міндеттемелер жұмыс беруші тарапынан сақталады.

Егер әйел адам ресми жұмыс істемей және жеке кәсіпкерлікпен айналыспаса, оның жарнасын мемлекет төлейді. Ол үшін тіркелген емханаға барып, жүктілік бойынша есепке тұру қажет. Деректер жүйеге енгізілгеннен кейін әйел «сақтандырылған» мәртебесін алады, яғни жарнаны өзіне төлеудің қажеті жоқ.

Ал жеке кәсіпкер ретінде тіркелген азаматшалар, тіпті табыс болмаса да, МӘМС-ке жеке кәсіпкер ретінде жарна төлеу қажет. Ағымдағы жылғы төлем мөлшері – 5 950 теңге. 

– Жүйеде міндетті зейнетақы жарналары немесе әлеуметтік аударымдар пайда болған жағдайда жеңілдік мәртебесі алынып тасталуы мүмкін. Мұндай жағдай көбіне жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жүкті әйелдерде кездеседі. Мәртебені қалпына келтіру үшін жеке кәсіпкерліктің қызметін тоқтату қажет, – деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми өкілі Забира Оразалиева.

Барлық жүкті әйелдер МӘМС жүйесінде сақтандырылуы тиіс. Жүктілік пен босануға қатысты медициналық көмектің басым бөлігі МӘМС аясында көрсетіледі. 

Жүкті әйелдер тұрғылықты мекенжайы бойынша тіркелген емханада есепке алынады. Жүктілік бойынша есепке 12 аптаға дейін тұру ұсынылады. Есепке алу үшін акушер-гинекологқа жүгіну қажет. 

Есепке тұрғаннан кейін әйелдің жағдайы тұрақты бақылауға алынады. Жүктілікке сәйкес зертханалық талдаулар, үш кезеңді перинаталдық скрининг, ультра дыбыстық зерттеулер, қажет болған жағдайда бейінді мамандардың кеңесі жүргізіледі. Сонымен қатар, әйелдің денсаулық жағдайына байланысты тәуліктік немесе күндізгі стационарға жолдануы мүмкін.