Екібастұздық спортшы екі тәуліктік жүгіру жарысында рекорд орнатты
Бұған дейінгі рекорд 274 шақырым болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Астанада XI халықаралық «Өзіңді жең» ультрамарафоны өтті. Екібастұздық желаяқ Вячеслав Килясов 48 сағаттық жүгіруде жеңіске жетіп, жарыс трассасының жаңа рекордын орнатты.
Спортшы екі тәулікке созылатын жарысқа екінші рет қатысты. Өткен жылы да ол осы қашықтықта бақ сынап, биылғы сынға тыңғылықты дайындалуға мол тәжірибе жинаған.
Биыл Вячеславтың жанында барлық 48 сағат бойы әкесі болды. Ол ұлының тамақтануын, қалпына келуін қадағалап, ең қиын сәттерде қолдау көрсетті.
Жарыс аптап ыстықта өтті. Ауа температурасы 30 градустан асып, барлық қатысушыларға – 48 сағаттық, тәуліктік, алты сағаттық және 100 шақырымдық қашықтыққа шыққан спортшыларға оңай болған жоқ.
Екібастұздық спортшының басты қарсыласы Қостанайдан келген тәжірибелі ультрамарафоншы Дмитрий Коптель болды. Оның жүгірумен айналысқанына 20 жылдан асқан. Былтыр Вячеслав тартысты бәсекеде оған есе жіберген еді.
– Биыл қарымта қайтара алдым. Жеңіске жетуді қатты қаладым және барынша жігерленіп шықтым. Тағы да мықты қарсыласпен бақ сынастым. Әр сағат сайын жүрек соғысын бақылап, ағзамды тыңдап, күшімді дұрыс бөлуге тырыстым. Іс жүзінде ұйықтаған жоқпын, тек аздап тынығып отырдым. Толқу ұйықтауға мүмкіндік бермеді. Тамақтануымды алдын ала жоспарланған жүйе бойынша ұйымдастырдым. Ең қиын кезең соңғы сағаттар болды. Дәл сол кезде шаршау мен ұйқысыздық қатты сезілді. Бірақ сондай сәтте алға жылжи беру маңызды, – дейді Вячеслав.
Спортшының айтуынша, оны аса ұзақ қашықтықтарды бағындырған әлемге танымал ультрамарафоншылар шабыттандырады. Сонымен қатар, отбасы, әкесі мен достарының қолдауы үлкен күш береді.

48 сағат ішінде Вячеслав 297 шақырым 843 метр жүгіріп өтті. Бұл – саябақ трассасы бойынша 292 айналым. Осы нәтижемен ол жарыстың жаңа рекордын тіркеді.
– Бұл – осындай деңгейдегі жарыстағы алғашқы жеңісім. Оның рекордпен қатар келгені ерекше қуантады. Кейде жеңіліс жеңістен де пайдалы болады. Ол қателіктерден сабақ алып, күшейіп оралуға көмектеседі. Ультрамарафонда тек дене дайындығы ғана емес, тактика, күшті дұрыс бөлу және зейінді сақтай білу де маңызды. Сондықтан, бұл формат маған ерекше ұнайды. Болашақта осы жарысқа қайта келіп, өз рекордымды жаңартқым келеді, – дейді спортшы.
Вячеслав бірнеше жыл бұрын жүгірумен әуестене бастаған. Алғашында жартылай марафондар мен марафондарға қатысса, кейін өзін ұзақ қашықтықтарда сынауға қызығушылық танытқан. Оның айтуынша, ультрамарафонда басты қарсылас – өзің.
Ультрамарафондағы жолын ол экстремалды жарыстардан бастады. Backyard Ultra жарысында 18 сағат ішінде 122 шақырым жүгіріп өтті. Кейін Іле өзенінің бойымен өтетін, ұзындығы 50 шақырым болатын Tengri Ultra – Ұлы даланың ультрамарафонында күш сынады.