Доп пен намыс: Павлодарда баскетбол мерекесі басталды

Турнир облыста 3×3 стритболдың негізін қалаған Ермек Қапеновті еске алуға арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл жарыс алғаш рет республикалық деңгейде ұйымдастырылып отыр. Бұған дейінгі төрт турнир облыстық ауқымда өткен. Сайысқа 16 баскетбол құрама командасы қатысады, оның ішінде 6 топ өзге қалалар мен аудандардан келді.
– Бүгін павлодарлық топтармен қатар, Семей, Ақсу және Екібастұз қалаларының ойыншылары бақ сынасады. Келесі жылы турнирді халықаралық дәрежеде өткізгіміз келеді. Омбы және Новосібірден қатысушыларды шақыруды жоспарлап отырмыз, – деді турнир ұйымдастырушысы Виктор Бондарь.
Финалға шыққан төрт командаға ұйымдастырушылар атынан медаль және бағалы сыйлықтар табысталады. Сонымен қатар, төрешілердің шешімі бойынша үздік атанған ойшыларға да арнайы марапаттар қарастырылған.
– Турнир жеңімпаздарына медальдар және ақшалай сыйлықтар береміз. Атап айтқанда: бірінші орынға – 50 мың теңге, екінші орынға – 30 мың теңге, үшінші орынға 20 мың теңге болса, төртінші орын үшін біз 10 мың теңге сыйақы береміз, – деді Виктор Бондарь.
Бас төрешінің сөзінше, қатысушылар бүгінгі ойынға ерекше дайындықпен келген.
– Ойынды павлодарлық және аудандардан келген төрешілер командасы бағалайтын болады. Ойын тартысты болатыны сөзсіз. Әр команда жігерленіп тұр, – деді бас төреші.
Алаңда ерекше бір рух сезіледі — әр пас, әр доп үшін тартыс көрермендердің жүрегін дүрсілдетеді. Доптың тақылдаған дыбысы мен жанкүйерлердің айқайы бірігіп, нағыз мерекелік, бірақ шиеленісті көңіл-күйді тудырып тұр.
Успен ауданының намысын қорғауға келген «Солтүстік» баскетбол команда ойыншысының сөзінше, олар жеңіп шығатындарына нық сенімді.
– Тобымыз арнайы турнирге күшейтілген түрде екі апта дайындалды. Көбінесе ойын тактикаларын жаттықтырдық. Тартысты ойын болады деп ойламыз, – деді топ мүшесі Жасұлан Бауыр.
Ал жерлестеріміз болса, бұл ойынға бірнеше жыл қатысып келеді. Дайындықты үш апта бойы жүргізген.
– Біз тобымызбен тосқауыл қою, екі қадамды комбинациялар мен алыстан лақтыру методикаларын және реакция жылдамдықтарымызды жаттықтырдық, – деді «Бобры» баскетбол құрама командасының ойыншысы Мансур Исаев.
Оның айтуынша, олар бүгінгі турнир республикалық деңгейде өтетіндіктен мықты қарсыластарды күтеді.
– Өзге қалалар мен аудандардан мықты жігіттер келеді деп күтеміз. Олармен бірге тартысты ойын ойнап, жақсы тәжірибие алмасамыз деп ойлаймыз. Негізінен турнир бойыңдағы қабілеттеріңді көрсетуге жақсы мүмкіндік, – деді «Бобры» командасының ойыншысы.
Айта кетейік, Ермек Қапенов – Қазақстандағы 3×3 стритболдың алғашқы чемпионы, бірнеше дүркін облыс чемпионы, сондай-ақ, Ресейде өткен жарыстардың жеңімпазы. Спортшы елде бұл бағыттың дамуына үлкен үлес қосқан.
Фото: Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті және автор