Екі павлодарлық балалардың ойын алаңында темекі тұқылдары мен бөтелке қалдырып кеткен
Оларды 3 түрлі бап бойынша жаза күтіп тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Оқиға бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Екі әйел ойын алаңындағы орындықта отырып, темекі шегіп, ішімдік ішкен. Олар кеткеннен кейін қоқыс қалдықтары яғни темекі тұқылдары мен бос бөтелкелер сол орында қалған.
– Жеке тұлғалар анықталғаннан кейін құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК – нің баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Қоғамдық орында ішімдік ішкені үшін ҚР ӘҚБтК -нің 440, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 434, қоқыс тастағаны үшін 437 бабына сәйкес жазаланады, - деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Полицейлер аталған екі әйелге іздеу жариялады. Олар айыппұл арқалауы тіпті, он күнге дейін қамауға алынуы мүмкін.
pixabay.com