Науқастар емделмесе де, ақша төленген: Павлодардағы медициналық ұйым тексеріліп жатыр
Алдын ала есеп бойынша, келтірілген залал 15 миллион теңгені құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының міндетін атқарушы Ғалиасқар Қасымовтың айтуынша, өңірде медициналық қызметтерді негізсіз тіркеу деректері анықталған. Қазіргі уақытта 2023-2024 жылдары медициналық қызметтер туралы жалған мәліметтер енгізіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі мен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында қаржыландыру алу үшін деректерді бұрмалаған жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.
– Қайтыс болған адамдарға медициналық қызмет көрсетілді деген жалған мәліметтер енгізілген. Сонымен қатар, гинекологтардың ер адамдарға қызмет көрсеткені және медициналық ұйымға тіркелмеген азаматтарға қызмет көрсетілгені анықталды. Бұл алаяқтық әрекеттерге көптеген адам, соның ішінде пациенттер, клиника басшылығы мен дәрігерлер де тартылған, – деді Ғалиасқар Қасымов.
Айта кетерлігі, Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қаржылық қылмыстарға қарсы күрес, тыйым салынған өнімдердің заңсыз айналымына тосқауыл қою және мемлекет қаражатын қорғау бағытындағы жұмысын жалғастырып келеді. Есепті кезеңде қызметі Павлодар және еліміздің басқа да облыстарын қамтыған үш қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылған.